АҚШ президенті Дональд Трамп Иран басшылығы одан келіссөз өткізуді сұрағанын мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Иранның жетекшілері маған хабарласты», – деді Трамп. Оның айтуынша, кездесуді ұйымдастыру жұмыстары басталды. «Олар келіссөзге отырғысы келеді. Бірақ бізге кездесуге дейін әрекет ету қажет болуы мүмкін», – деп қосты президент, алайда нақты қандай әрекет туралы айтқанын ашып айтпады.
Әзірге Тегеран ресми түрде Ақ үй басшысының мәлімдемесіне қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.
Бұған дейін Дональд Трамп Ақ үй мен Пентагон Ирандағы наразылық білдірушілерді қолдаудың бірнеше жолын қарастырып жатқанын айтқан еді.
– Қазір әскери мамандар жағдайды саралап, біз өте қатаң шараларды қолға алуды қарастырудамыз, – деді ол журналистермен әңгіме барысында. Президенттің айтуынша, ол Иран оппозициясының жетекшілерімен байланыс ұстап отыр.
Америкадағы HRANA құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Иранда жалғасып жатқан тәртіпсіздіктер кезінде кемінде 544 адам қаза тауып, 10 600-ден астам адам қамауға алынған. Байланыстың шектелуіне байланысты құрбандар саны ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Трамп АҚШ наразылық білдірушілерге спутниктік интернетті қосуға көмектесуі мүмкін екенін атап өтті. Ол осы мәселені талқылау үшін SpaceX компаниясының иесі Илон Маскпен сөйлесуге уәде берді. SpaceX қазірдің өзінде Starlink спутниктік интернет қызметін ұсынып отыр.
Axios басылымының дерегінше, Ақ үйдегі талқыланып жатқан шаралардың басым бөлігі әскери операцияларды қарастырмайды. CNN телеарнасы Вашингтонның әскери соққы жасау Ирандағы наразылыққа кері әсер етуі мүмкін деген қауіптен сескеніп отырғанын хабарлады. Әскери қимылдар халықтың наразылығын бәсеңдетіп, керісінше, авторитарлық билікке қолдау туғызуы мүмкін.
Екі аптадан астам уақыт жалғасқан наразылық
Ирандағы наразылық 2025 жылдың 28 желтоқсанында басталды. Сол күні Тегерандағы дүкен иелері елдегі экономикалық ахуалдың нашарлауына қарсылық ретінде сауда орындарын жауып тастаған еді. Кейін наразылық акциялары басқа қалаларға тарады.
30 желтоқсанда наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыстар басталды. Полиция наразыларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды. Наразылық тез арада саяси сипатқа ие болып, халық Иранның рухани көсемі Әли Хаменеиге қарсы «Диктаторға өлім! » деп ұрандады. Олар қазіргі режимді өзгертуді және билікке Реза Пехлевиді әкелуді талап етуде.
Қазіргі таңда Иран экономикасы Батыстың санкцияларынан және 40%-дан асқан инфляциядан зардап шегіп отыр.
АҚШ президенті 2 қаңтарда Truth Social әлеуметтік желісінде егер Иран билігі наразыларға қарсы қару қолданатын болса, АҚШ міндетті түрде араласатынын ескерткен болатын.
Біраз уақыттан соң шерулер тәртіпсіздіктерге ұласты. Тегеран мэрі Әлиреза Заканидің мәлімдеуінше, 9 қаңтарға қараған түні наразылық кезінде 50-ден астам банк, бірнеше мемлекеттік мекеме мен 30-ға жуық мешіт өртенген.
Айтпақшы, бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп өзін Венесуэла президентінің міндетін атқаратынын жария етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

