Qazaq Stroy құрылыс компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубына инвестор болды, деп хабарлайды Ertenmedia Forbes Kazakhstan-ға сілтеме жасап.
Басылым дереккөзі мәміленің толық мақұлданғанын және клубтың Артықбаевтың қарамағына өтетінін мәлімдеген. Қазір «Ақтөбе» жанкүйерлері клубтың келешегін қызу талқылап жатыр. Команда құрамы жаңара ма, жаңа ойыншылар шақырыла ма, футбол академиясы ашыла ма, осы сауалдарға нақты жауап әзірге берілген жоқ.
«Ұйымдастыру мәселесі мен инвестиция көлемі 2026 жылдың қаңтарында талқыланады», – дейді дереккөз.
«Ақтөбені» жеке инвестордың басқаруына беру туралы мәселе қараша айының басында белгілі болған. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жыл соңына дейін клубтың жекеменшікке өтетінін хабарлағанымен, инвестордың аты-жөнін атаудан бас тартқан.
Қазақстан футболында жеке меншікке өткен клубтар көбейіп келеді:
- 2025 жылдың қазанында TAU Group Ltd компаниясының иесі Исламғали Қозбақов «Қайсар» клубына 12 млрд теңге салған.
- Петропавлдық «Қызылжар» клубына ЦАТЭК компаниясының тең иесі Сергей Кан жылына кемі 1 млрд теңге инвестиция құятыны белгілі болған.
- Астаналық «Жеңіс» клубының инвесторы Kaspi-дің басшысы Михаил Ломтадзе. Ол футбол академиясын дамытуға 16 млрд теңге жұмсамақ.
Бұған қоса, «Шахтер» футбол клубына да қызығушылық жоғары. Қарағандылық клубқа Freedom Holding негізін қалаған бизнесмен Тимур Турлов инвестиция салуға ниетті. Клубқа қанша қаржы құйылатыны да белгілі 18 млрд теңге. Алайда нақты шешім қоғамдық талқылаудан кейін, ашық аукцион арқылы қабылданады.
Қазір «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» клубтарына инвестор тарту бойынша келіссөз жүріп жатыр.
«Ақтөбенің» жаңа инвесторы Нұрлан Артықбаев Qazaq Stroy компаниясының мажоритарлы иесі. Компания Алматы мен Астанада тұрғын үй кешендерін салумен айналысады.
Биылғы Forbes Kazakhstan рейтингінде 75 ең дәулетті бизнесменнің арасында Артықбаев алғаш рет көрініп, 44-ші орынға тұрақтады. Оның жеке капиталы 228 млн доллар.
Qazaq Stroy компаниясы да алғаш рет рейтингке еніп, Қазақстандағы ең ірі 75 компанияның ішінде 14-орын алған. Компанияның 2025 жылғы табысы 313,9 млрд теңге, таза пайдасы 45,7 млрд теңге.
2024 жылдың соңында Артықбаевқа тиесілі Telecom Systems Ltd компаниясы Jusan Bank-ке қарасты «Қазақтелекомның» 9,19% акциясын сатып алған. Келісім құны 42,77 млрд теңге. Биылғы қазан айындағы мәлімет бойынша Артықбаевқа тиесілі бұл пакет 9,84%-ға өскен.
Айта кетелік, осының алдында ғана Артықбаевты президент Тоқаев қабылдаған болатын. Кездесу барысында құрылыс саласын дамытудың басты бағыттары, сондай-ақ жеке бизнестің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мәселесі талқыланған еді.

