Танымал саясаткер Дос Көшім Иманғали Тасмағамбетов Назарбаевқа ең жақын адам екенін айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Қалың көпшілік арасында Тасмағамбетов ерекше беделге ие. Алайда саясаткер бұған алданудың қажеті жоқ екенін жеткізді.
«Иманғали Тасмағамбетов демократ адам екен, ол ертең біздің еліміздің басшысы болады екен» деп ойлап қалмаңдар. Жоқ, Назарбаевқа ең берілген үш адам болса, біреуі — Иманғали Тасмағамбетов. Соның жолымен жүретін — Иманғали Тасмағамбетов.
Басқалармен салыстырғанда, оның қазаққа, қазақтың мәдениетіне деген көзқарасы өте жоғары болды. Ұлт туралы пікірлері жақсы болды. Шындығында, көптеген ұлттық интеллигенцияға көмектесті. Көптеген жазушыға, журналиске үй берді. Өте қуаныштымын. Әкім болып тұрған уақытта халықтың бағытында жүрген азаматтарға көмектескені өте жақсы. …Бірақ беріп жатқан үйлері 8 баласымен көшеде қаңғырып жүрген адам алатын үй шығар?!» — деді қоғам қайраткері Kultobe podcast-қа сұхбатында.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласының прокуратурасы қала орталығындағы саябақты қайтарды. Бұл аумақ Иманғали Тасмағамбетов қала әкімі болып тұрған шақта жекеге өтіп кеткен.
Алматы қаласының прокуратурасы мәліметінше, көпқабатты тұрғын үй салу үшін заңды тұлғаға 2,8 гектар жер телімі заңсыз берілген.
«Талдау нәтижесінде 2007 жылы жергілікті атқарушы орган Алматы қаласының бас жоспарының ережелерін және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын елемей, заңды тұлғаға саябақ аймағы қарастырылған учаскеге жеке меншік құқығын берген», — деп жазылған мәліметте.
Кейіннен бұл жер шамамен 2,3 миллиард теңге өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажы үшін тәркіленді.
Уәкілетті орган қадағалау актісін орындау үшін Алматы қаласы әкімінің қаулысын және одан кейінгі азаматтық-құқықтық мәмілелерді заңсыз деп тану туралы талап арыз берді.
2024 жылғы 26 наурызда апелляциялық сатыдағы сот талаптарды толық қанағаттандырды.
Айта кетейік, Тасмағамбетов 2004-2008 жылдары Қазақстанның ең ірі қаласы Алматының әкімі қызметін атқарды.