Атырау облысы Доссор кентінің тұрғыны Нәсіпқали Дәулетбаев жергілікті әкім мен аудандық мәслихат депутатының қысымынан кейін жеңіп алған тендерінен бас тартуға мәжбүр болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оқиға 2024 жылы басталған. Кәсіпкер кенттегі тал-теректі суару мен дезинфекция жұмысына арналған, құны 9 миллион теңгелік тендерді жеңіп алады. Бірақ көп ұзамай әкімдікке шақыртылып, әкім Асылан Қосмағамбетов пен депутат Әділбек Идиятовпен кездеседі.
«Әкім маған сен бұл жұмысты атқара алмайсың, ағаштар қурап қалуы мүмкін деді. Сосын 1 миллион теңгені өзіңе қалдыр, қалған 8 миллионын бізге бер. Жұмысты өзіміз істейміз, сонда халықпен де мәселе туындамайды» деп шарт қойды», – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер ресми түрде келісімшарт жасап, әкімдік пен депутатты қосалқы мердігер ретінде рәсімдеуді ұсынған. Алайда оның ұсынысын қабылдамаған.
Осылайша тендер құжат жүзінде Дәулетбаевтың атында қалғанымен, жұмыстың басым бөлігін әкім мен депутат өз бақылауына алған. Екеуі ай сайын миллиондап ақшаны алып отырғанымен, жұрттың тарапынан жұмыс сапасына қатысты шағым көбейген. Осы тұста олар кәсіпкерге қысым көрсетіп, үнін шығармауға мәжбүрлеген көрінеді.
Дәулетбаев амалсыздан өңірдегі белгілі блогер Рүстем Баязиевке жүгініп, әкіммен арадағы әңгіменің жазбасын жариялады. Мәселе көпшілікке таралып, қоғамда қызу талқы тудырды.
Қазір Доссор кентінің әкімі Асылан Қосмағамбетовтың әрекетін Атырау облысы Мем.қызмет істері департаментінің мамандары тексеріп жатыр.
24 шілдеде бұл іске Атырау облысы бойынша ҰҚК де араласып, лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Дәулетбаев полицияға жәбірленуші ретінде шақырылып, жауап берді.
Кәсіпкер полицияға жәбірленуші ретінде шақырылып, жауап бергенін мәлімдеді.
Ал аудандық мәслихат депутаты Әділбек Идиятовтың мәселесін AMANAT партиясының облыстық филиалы май шаммен қарап жатыр.