Украина дрондарының Ресейдің Брәнск облысындағы «Унеча» мұнай айдау станcысына шабуылдағаны туралы ақпарат тарады деп жазады Ertenmedia.
Cтансы қазақ мұнайын Еуропаға жеткізетін «Дружба» құбырының бір бөлігі саналады. Алайда аталған оқиға Қазақстаннан Германияға бағытталған шикізат экспортына ешқандай зиянын тигізбегені белгілі болды.
13 тамызға қараған түні орын алған шабуыл жайлы шетелдік ақпарат құралдары жарыса жазды.
«РБК-Украина» агенттігі NASA-ның жерсерік арқылы түсірген суреттеріне сүйеніп, станция аумағында ірі өрт шықты деп мәлімдеген.
Еліміздің Энергетика министрлігі жағдайды анықтап, ресми жауабын берді.
«Қолда бар ақпаратқа сай, қазіргі таңда қазақ мұнайы ПАО «Транснефть» жүйесі арқылы қалыпты жағдайда тасымалдануда. Мұнай жөнелтушілер үшін ешқандай шектеу қойылмаған», – деп нақтылады ведомствоның баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қазақ мұнайы Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына осы «Дружба» құбыры арқылы жөнелтіледі.
Ал тамыздың басында біздің мұнай алғаш рет Венгрияға «Дружба» құбырын айналып, теңіз арқылы жеткізілген еді.