Қазақстанның арнайы мақсаттағы жасақтары Дубайда өтіп жатқан UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің алғашқы күнінде жарқырай көрінді.
Әлемнің 48 елінен жиналған 109 мықты команданың арасында біздің сарбаздар алғашқы ондықты толықтай жаулап алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Турнирдің бірінші күнінің қорытындысы бойынша, Kazakhstan С командасы көш бастаса, екінші орынға Kazakhstan D жайғасты. Kazakhstan B төртінші орыннан көрінсе, Kazakhstan A алғашқы ондықты түйіндеді.
Әлемнің ең мықты күш құрылымдары бас қосқан додада Қазақстанның әйелдер құрамасы «Tomiris» те ерлік көрсетті. Жалпы есепте 20-шы орында тұрған қыздар командасы әйелдер арасында айқын көшбасшы.
Айта кету керек, халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген жасақ құрамына Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің ең үздік әрі тәжірибелі мамандары біріктірілген.
UAE SWAT Challenge турнирі бес күнге созылып, 11 ақпан күні мәреге жетеді. Жарыстың алдағы кезеңдерінде де еліміздің намысын арқалаған командаларымыздың жеңіс тұғырынан көрінуін тілейміз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

