Жемқорлық дауына ілінген экс вице-министрлер Президент көмекшісі Тамара Дүйсенованың командасында істеген.
Алматыда ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің Тамара Дүйсеновамен тікелей жұмыс істегені анықталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әңгіме жақында тұтқындалған бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов пен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму экс-вице-министрі Дәулет Арғандықов туралы болып отыр.
Ақмәди Сарбасов 2019 жылдың сәуірінен 2025 жылдың сәуіріне дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде вице-министр, кейін бірінші вице-министр қызметін атқарған.
Бұл кезеңде, дәлірек айтқанда 2022 жылдың сәуірінен 2023 жылдың маусымына дейін министрлікті Тамара Дүйсенованың өзі басқарған.
Ал Дәулет Арғандықов 2014 жылдың тамызынан 2015 жылдың маусымына дейін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары болған. Ол кезде де министрлік басшысы дәл осы Дүйсенова еді…
Тамара Дүйсенова қазіргі таңда Президент Тоқаевтың көмекшісі. Ол бұл қызметке 2025 жылдың ақпанында тағайындалған. Оған дейін, яғни 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Премьер-министрдің орынбасары болды. Сондай-ақ бұған дейін бірнеше рет министр, вице-министр сияқты жоғары мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқарған.
Еске салайық, 1 шілдеде Алматыда пара алу-беру ісі бойынша Ақмәди Сарбасов, Дәулет Арғандықов және «Бірінші несие бюросы» ЖШС басшысы Руслан Омаров ұсталған болатын.
Ertenmedia бұл туралы егжей-тегжейлі жазған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, ұсталғандардың үйлерін тінту кезінде жүздеген мың АҚШ доллары тәркіленген.