Саясаттанушы Талғат Қалиев Бектенов басқаратын министрлер кабинетінің жұмысына баға берді деп жазады Ertenmedia.
Оның пікірінше қазіргі Үкімет аласапыран, алмағайып уақытта билікке келген. Оларға оңай емес.
Бір жағынан, бұған дейінгі үкіметтің кем-кетігін түзеу міндеті тұрса, енді бір жағынан геосаяси сын-қатер алқымнан алуда. Президент Тоқаев та министрлер кабинетінен тың идея күтетінін, экономикалық блоктың ескі шаблоннан шыға алмай, инерциямен жұмыс істейтінін сынға алып жүр.
«Бектенов өзіне дейінгі премьерлер жіберген қателіктің салдарымен күресуге көп күш жұмсады.
Олжастың тұсында Қазақстанның екі ірі серіктесі Ресей мен Батыстың арасы мүлдем нашарлап кетті. Қазіргі үкімет дүлей дауыл жағдайында жұмыс істеуде.
Бұған елдегі стратегиялық инфрақұрылымның тозуы қосылып, жағдайды тіпті ушықтырып отыр. Жылу-электр орталықтары мен басқа да маңызды нысанда жиі-жиі апат болуы бұған дейінгі премьерлердің осы мәселеге немқұрайлы қарауының салдары», — дейді Қалиев.
Айтуынша, осыған дейін үкімет жетекшілері (Смайылов, Мәсімов, Сағынтаев, Мәмин…) молшылық жылдарында инфрақұрылымды жаңартудың орнына, ақшаны мүлде басқа бағытқа жұмсап жіберген.
Саясаттанушы Бектеновтың уәзірлеріне де оң баға беріп отыр. Айта кетелік, Үкімет басшысының үш кеңесші де экс-әкім.
«Ералы Тоғжанов, Ермек Маржықпаев және Нұрлан Ұранхаев әзір Олжаспен қойын-қолтықтасып жұмыс істеуде. Тоғжанов пен Маржықпаев су тасқынының зардабын жоюда білекті түріп тастап, әрекет етті. Ұранхаев? Ол құрылыс саласына жауапты деп естідім. Мамандығы архитектор екенін еске салайын», – дейді саясаттанушы.
Қалиевтың мәліметінше, осы үшеуінің ішінде екі маңызды бағыт Маржықпаевтың мойнында. Ол инфрақұрылым мен жылыту маусымына дайындық мәселесіне кураторлық етеді.
«Аймақтарды жиі аралайтын Маржықпаев мұны «ұлттық қауіпсіздік мәселесі» деп санайды. Өтірік емес. Іріп-шіріп тұрған инфрақұрылым ұлттық қауіпсіздікке де қатер төндіреді. Маржықпаев қазір Екібастұз, Риддер сияқты проблемалы қалаларға жиі барып жүр. Бектеновтің қай бағытқа басымдық беріп отырғанын осыдан-ақ байқауға болады. Қазіргі Үкіметтің әлуеті жаман емес. Министр мен әкім-қаралар кеңесшілердің пікіріне көбірек құлақ асса болғаны», – дейді сарапшы.