Дубайдағы әйгілі Пальма Джумейра жасанды аралы – бұрынғы қазақ саяси элитасының құпия мекеніне айналыпты. Алақандай аралда жым-жырт жатқан виллалар мен зәулім пәтерлердің бірқатары – өзіміздің «отаншыл» азаматтардың иелігінде екенін Ertenmedia.kz анықтады.
Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматуллиннің бір өзі 50 пәтер иесі екен. Әлбетте, өз атына емес, әйелінің атына рәсімделген. Бұл – шынайы патриотизмнің ең жоғарғы формасы – отбасының атынан ұлттың тағдырын шеше отырып, активтерді де ұмытпау. Бұл жерде Қылмыстық кодекстің 193-бабы емес, саяси прагматизм мен құқықтық формализмнің симбиозын байқауға болады.
Даниял Ахметов, Қайрат Мәми, Ерлан Тұрғымбаев, Қалмұханбет Қасымов, Бауыржан Мұхамеджанов, Асқар Жұмағалиев – бәрі де «елім, жерім» деген сөзді үйренген азаматтар, бірақ үйді шетелден іздеген шебер стратегтер. Олар Қазақстандағы үй құрылысының баяу жүріп жатқанын көріп, «қара халықпен бәсекелеспеу үшін» амалсыз Дубайға көшкен болуы да мүмкін.
Бұл – мемлекеттік деңгейдегі этикалық шегініс, яғни: «Ел ішінде үй жетпей жатқанда біз несіне жарысамыз?» деген гуманистік шешім.
Қазақстанда әлеуметтік теңсіздік индексі шырқау биікке шыққан тұста, Дубайдағы виллалар жаңа класстық ландшафттың символына айналып отыр. Бұл жай ғана пәтер емес, бұл – ел билеген жылдардың капиталына айналған қымбат метафора. Бір бөлмелі пәтердің құны – кем дегенде 2 млн доллар. Демек, бізде бұрынғы шенеуніктердің айлық табысы, Ұлттық банктың монетарлық саясатының да шегінен шығып кеткенін байқауға болады.
Түсінейік, 30 жыл бойы мемлекет басқару деген – ауыр жұмыс. Стратегия, реформа, мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық идеялар… Адам күні-түні еңбек етіп, уақыт тауып, Алакөлге де, Көлсайға да жете алмайды. Демек, енді теңіз жағасында демалуға толық моральдық құқы бар. Ол вилла – жай ғана демалыс емес, саяси еңбектің зейнеті, элита ішіндегі «бейресми бонустың» мүлік формасына айналуы.
Ал Қазақстанда мыңдаған жас отбасы үйсіз жүр. Әлеуметтік әділеттік туралы айтылған сайын, баспанасыз халықтың үні өшіп, қаптаған «элиталық үйлердің» терезелері жарқырай түсуде. Қара халық ипотекамен алысып жүргенде, олардың үйлері теңізге қарап үнсіз жылтырап тұр.
Біз үйді метрімен есептеп үйреніп қалған халықпыз. Олар – вилланы гектармен өлшейтін қауым. Біз кезекте тұрып, Үкіметтің есігін қағамыз. Олар – мемлекеттің өз кілтін қалтада ұстап үйренгендер. Біз пәтер үшін күресеміз. Олар – жүйенің ішкі салтанатында өмір сүреді.
Бұл парадокс па? Жоқ. Бұл – отыз жылдық саяси жүйенің табиғи нәтижесі.
Егер бұл материалда аты аталмай қалған Дубайдағы вилла иелері болса — кешірім сұраймыз. Өйткені параллель әлемнің тұрғындарын түгендеу оңай емес. Ал егер әлдекім өз мүлкін жария етіп, мақтанғысы келсе – ашық эфир, трибуна, алаң – бәріне дайынбыз.
Бұл – жай ғана сатира емес. Бұл – ел мен элита арасындағы саяси контрастты көрсететін, баяғыдан айтылмай келген ақиқаттың ирониямен көмкерілген шындығы.
Себебі Дубайдағы виллалар – бүгінгі Қазақстанның саяси фаунасын анықтайтын картадағы нүкте ғана емес, ол – биліктің халықпен арасына салған алтын көпірі. Бірақ сол көпірден қарапайым халық ешқашан өте алмайды.