Депутат Ермұрат Бапи Қызылордадағы колонияда жазасын өтеп жатқан журналист Думан Мұхамедкәрімнің жағдайымен танысып қайтты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұған дейін бірнеше рет аштық жариялаған журналистің денсаулығы әлсіреген. Ермұрат Бәпидің айтуынша, қамаудағы Думан Мұхамедкәрім біраз салмақ жоғалтқанымен, рухын түсірмеген.
«Екі сағаттай әңгімелестік. Сол баяғы Думан мінезі қайсар, ұстанымы берік, ештеңеге мойымайды. Үкіммен келіспейді. Көңіл-күйі түспеген. Шашын түгел алып тастапты. «Не үшін?» деп сұрасам, әзілдеп: «Гигиена ғой. Кичада душ жоқ қой», – дейді. Кича дегені тәртіптік изолятор. Қызылордаға ауыстырылғаннан бері жалғыз адамдық осы камерада отыр. Түрме формасын киюден бас тартқаны үшін жазаға тартылған», – дейді депутат.
Бұдан бөлек, журналистің денсаулығында айтарлықтай кінәрат пайда болған. Бүйрегі, асқазаны мен арқасы ауырады екен.
Бұған дейін камерасына белгісіз біреулер жарылғыш зат лақтырғаны туралы ақпарат тараған болатын. Депутат колония басшылығынан осы жайында анықтап сұрапты. Түрме әкімшілігі әлгі әрекеттің журналистке қарсы нақты шабуыл емес, сырттан ұйымдастырылған ақпараттық шу шығару мақсатындағы арандату екенін айтқан. Депутат бұл түсіндірмеге сенімді, өйткені қамауда отырған адамға қастандық жасау қисынға келмейді деп санайды.
Думан Мұхамедкәрім өзін Алматыға немесе Талдықорғанға ауыстыруды сұраған. Алайда колония басшылығы оның 13 тәртіптік жазасы болғандықтан, өтініштің қаралмайтынын жеткізген.
Еске сала кетсек, Думан Мұхамедкәрім Қылмыстық кодекстің 405-бабы (тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу) мен 258-бабы (экстремизмді қаржыландыру) бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

