«Середина» подкастында өзбекстандық экономист Юлий Юсупов Қазақстан мен Өзбекстанның өндірістік әлеуетін салыстырып, экспорт құрылымындағы айырманы атап өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, көрші елдің халқы екі есе көп болса да, Қазақстаннан сыртқа шығатын дайын өнім көлемі жоғары деңгейде сақталып отыр.
Экономист экспорттағы айырма тек статистика үшін қажет дерек емес екенін, ол экономиканың қалай жұмыс істейтінін көрсететін айна екенін меңзеді.
Юсупов Қазақстанда табиғи ресурс қоры мол екенін еске салды. Соның салдарынан экспортта шикізат үлесі де жоғары болып қалыптасқан. Дегенмен, осындай жағдайда да қазақстандық кәсіпорындар бірнеше бағытта дайын өнім шығарып, сыртқы нарыққа жеткізетінін тілге тиек еткен.
Экономист «голланд дерті» ұғымын да атап өтті, яғни ресурстан түсетін табыс ұлттық экономикаға қысым түсіретін кезеңдер болады, бірақ соған қарамастан өндіріс пен экспорт тоқтап қалмаған.
Тағы бір назар аударатын тұс, Юсуповтың сөзінше, Қазақстанның Өзбекстанға экспорты кері ағымнан басым. Яғни Қазақстаннан Өзбекстанға сатылатын тауар көп, ал Өзбекстаннан Қазақстанға келетін көлем салыстырмалы түрде төмен.
Оның пайымынша, осы айырма Қазақстандағы өндіріс секторында нақты мүмкіндіктер барын, ал көрші елмен саудада дайын өнімнің салмағы сезілетінін көрсетеді.

