Еркін бағам режимі Қазақстан экономикасын қорғап, теңгені нарықтағы өзгерістерге тез бейімделуге мүмкіндік береді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы экономист Руслан Сұлтанов мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, еркін айырбас бағамы сыртқы өзгерістерге жылдам жауап беріп, экономикаға амортизатор қызметін атқарады. Мұнай бағасы көтерілген кезде теңге күшейеді, төмендегенде керісінше, құнсызданады. Осылайша экономика да сыртқы жағдайға жеңіл бейімделеді. Ал теңгені белгілі бір деңгейде бекітіп ұстау үшін мемлекет валюталық қорды жұмсауға мәжбүр болады. Валюталық резерв таусылғанда бағам күрт құлдырап, халықтың жағдайы нашарлайды.
«Қарапайым азаматтар үшін теңгенің күшеюі – импорт тауарларының арзандауы, тұрмыстық техника мен дәрі-дәрмек бағасының төмендеуі, жалпы инфляцияның баяулауы. Теңге әлсірегенде, керісінше, дүкендерде баға өсіп, адамдардың табысы құнсызданады», – дейді Сұлтанов.
Экономист ұлттық валютаның әлсіреуінен нақты бір топтардың ғана пайда көретінін айтты. Бұл ең алдымен шикізат экспорттаушылары. Олар доллармен табыс тауып, шығындарын теңгемен өтейді. Теңге неғұрлым әлсіз болса, олардың табысы соғұрлым көп болады. Сонымен қатар қаржы нарығындағы жекелеген ойыншылар да теңгенің құбылуынан пайда табады.
«Кейбір топтар теңгені әлсіретуді экономика үшін пайдалы деп көрсетеді. Шын мәнінде әңгіме бүкіл экономика туралы емес, нақты адамдар мен топтардың мүддесі туралы», – деп ескертті сарапшы.
Сонымен қатар…
Сұлтанов Қазақстанға ақша құятын ірі инвесторлардың да маңызын еске салды. Оларды «алыпсатарлар» деп сынағанмен, шын мәнінде бұл ірі банктер мен қорлар Қазақстанға қаржыны арзан пайызбен алуға көмектеседі. Егер инвесторлардың нарықтан шығуына шектеу қойылса, олар елімізге инвестиция әкелуді тоқтатып, мемлекет қымбат несие алуға мәжбүр болады.
Сұлтанов мемлекеттің басты міндеті валюта бағамын ұстап тұру емес, инфляцияны бақылау екенін атап өтті. Себебі инфляцияның өсуі ең алдымен халықтың қалтасын қағады.
Еске салсақ, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сауалнамасына қатысқан сарапшылар келесі жылы доллар бағамы 526 теңгеге жетеді деп болжаған еді. Соңғы уақытта теңгенің нығаюы инфляция қарқынын наурыз айында ақпанмен салыстырғанда 1,1%-дан 0,6%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. ҚҚҚ-ның пайымынша, бұл жағдай базалық мөлшерлемені жылдың екінші жартысында төмендетуге алғышарт болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







