Түркияның рухани, тарихи, экономикалық жүрегі саналатын Стамбулдың экс-мэрі, оппозицияның серкесі Экрем Имамоғлы Республикалық халық партиясының (CHP) атынан президенттікке кандидат ретінде бекітілді. Бұл шешімді праймериз қорытындысы жариялаған ұйымдастырушылар мәлімдеді. Бұның астарында тек қана сайлау технологиясы емес, геосаяси есеп пен ішкі саяси шекараларды қайта сызуға бағытталған стратегия жатыр, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Праймеризге Түркияның 15 миллион азаматы қатысып, сайлау процесіне белсенді түрде араласуы – елде электоралдық белсенділіктің артқанын, саяси жүйеге деген сұраныстың күшейгенін білдіреді. Осы электоралдық блоктың 13,2 миллионы – Имамоғлыды таңдаған. Бұл бір жағынан демократиялық легитимділіктің символы болса, екінші жағынан, елдегі саяси баланстың өзгергенін көрсетеді. Түрік электоратының төрттен бірі өз таңдауын білдіріп отыр, ал ол таңдау – қазіргі билікке деген сенімсіздіктің көрінісі.
Партия жетекшісі Өзгүр Өзелдің мәлімдемесі тіпті күтпеген жерден саяси ультиматум деңгейінде естілді. Ол президент Реджеп Тайып Ердоғанға ерте сайлау жариялап, саяси дуэльге шығуды ұсынды. Бұл – жай ғана сөз емес, оппозицияның елдегі билік транзитіне қатысты нақты жоспары бар екенін аңғартатын мәлімдеме. Бір жағынан бұл – саяси мобилизация, екінші жағынан – режимге ашық шақыру.
Алайда бұл сайлау алдындағы жай дайындық қана емес. 19 наурызда Имамоғлы «қылмыстық ұйым құру» және «коррупция» баптары бойынша қамауға алынып, оған тыйым салынған Күрд жұмысшы партиясымен байланысы бар деген күдік те қосымша тағылды. Бұл айыптаулардың өзі – ішкі саяси күрестің бір бөлігіне айналған. Anadolu мемлекеттік агенттігінің хабарламасына сүйенсек, бұл – ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды фактор ретінде ұсынылып отыр. Алайда, оппозициялық электорат бұл процесті саяси репрессия деп бағалап отыр.
23 наурызда сот шешімімен Имамоғлы ресми түрде қамауға алынды. Сол күні-ақ Түркияның Ішкі істер министрлігі оны Стамбул мэрі қызметінен уақытша шеттету туралы бұйрық шығарды. Бұл әкімшілік акт – орталық биліктің жергілікті билікке жасаған нақты қысымы. Енді Стамбул қалалық кеңесі, құрамында CHP өкілдері басымдыққа ие, жаңа уақытша мэрді тағайындауы тиіс. Бірақ бұл процедура – техникалық қадамнан бұрын, саяси символикаға толы оқиға.
Стамбулда Имамоғлы жақтастары жаппай митингке шығып, оның тұтқындалуына наразылық білдіруде. Бұл митингтер — азаматтық қоғамның белсенділігін, режимге деген сенімнің құлдырауын, әрі оппозициялық кандидатқа деген үміттің жоғарылығын көрсетеді. Түркия саясаты бүгінде тек ішкі аренамен шектелмейді — бұл қадамдар халықаралық қауымдастықтың да назарында.
Имамоглу – бүгінгі таңда саяси қозғалыстың ғана емес, демократиялық транзитке үміт артқан халықтың символына айналған тұлға. Оның түрмеге тоғытылуы, қызметінен шеттетілуі мен артынан өрбіген саяси толқын – Түркиядағы билік архитектурасы мен легитимділік дағдарысының айқын көрінісі.
Сайып келгенде, бұл жай ғана кандидатура емес — бұл саяси сынақ. Ердоған билігіне балама ретінде ұсынылған Имамоғлының тағдыры алдағы айларда Түркиядағы билік пен оппозиция арасындағы тартыстың негізгі өзегіне айналатыны сөзсіз. Осы оқиға арқылы Түркия тек көшбасшысын ғана емес, өзінің саяси болашағын да қайта таңдайтын кезеңге қадам басты.