Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенге қатысты сот үкімі шығып, ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ErtenMedia.
Тергеу мәліметті бойынша Құдайберген 2022 жылдың қаңтарында Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысқан. Прокурорлардың айтуынша, ол «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиевпен бірге «Қазақстан» қонақүйінде адамдар жинауды және оларды «ақ таңғыштар» арқылы топқа бөлуін үйлестірген. Олар бірыңғай талап қою үшін Арманның айналасына бірігуге шақырған.
Қайрат Құдайбергенге қатысты сот процесі 2023 жылдың қыркүйегінде басталды. Сот жабық форматта өтті. Ақыры сот оны 8 жылға бас бостандығынан айыру және қоғамдық қызмет атқаруға тыйым салу туралы үкім шығарды.
Сот шешімімен Қайрат Құдайберген мемлекеттік наградасынан – «Құрмет» орденінен айырылды. Бұған қоса, оған қоғамдық қызметпен айналысуға толықтай тыйым салынғаны хабарланды.
Еске салсақ, Құдайберген 2022 жылдың сәуірінде ұсталып, тергеу өткен жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын.