ТөтенМиннің бұрынғы басшысы Юрий Ильиннің ұлы Игорь Ильин «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «KMG PetroChem» ЖШС басқарма төрағасы қызметінен босатылды.
Бұл туралы Ertenmedia хабарлайды.
Ильиннің орнына осы компанияның бизнесті дамыту жөніндегі бұрынғы орынбасары Диаз Диянов тағайындалды. Ол мұнай-газ саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар, оның 15 жылын тікелей «ҚазМұнайГаздың» құрылымдарында өткізген білікті маман.
Компанияның хабарлауынша, Диаз Диянов бұған дейін «ҚазМұнайГаз Өнімдері», «ҚазМұнайГаз өңдеу және маркетинг», Атырау мұнай өңдеу зауыты (АНПЗ), сондай-ақ KPI Inc. секілді ірі құрылымдарда жауапты қызмет атқарған.
Ал Ильиннің қызметтен кету себебі әзірше белгісіз. Ол «KMG PetroChem» серіктестігін 2024 жылдың желтоқсанынан бері басқарған еді. Бұған дейін Karabatan Utility Solutions компаниясында жұмыс істеген, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының құрылымдары мен Александр Клебанов және Сергей Канға тиесілі энергетикалық компания «ЦАЭК» кәсіпорнында басшылық қызметтерді атқарған.
Еске сала кетсек, Игорь Ильиннің әкесі Юрий Ильин 2023 жылы Абай облысындағы қайғылы оқиғадан кейін Төтенше жағдайлар министрі қызметінен босатылған болатын.