Депутат Ермұрат Бапи мемлекеттік құпияны білетін бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заң жүзінде шектеуді ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың пікірінше, биліктен кеткеннен кейін кейбір тұлғалардың сырт елге жиі баруы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алаңдататын мәселе.
«Мына жанталасқан жүріс-тұрыстың астарында не бар? Бұрын биліктің тұтқасын жалғыз өзі ұстаған, халыққа әмір жүргізген адамның қазір шетелді паналап, қамқоршы іздеуі оның абыройын асырмайды.
Мұның елге немесе ұлтқа деген жанашырлық емес, жеке бас қамы екені анық байқалады. Сондықтан, бәлкім, мемлекеттік құпияны білетін бұрынғы президент, министр не басқа да жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңмен реттейтін кез келген шығар?
Әріптестер, заңгер-депутаттар, осы заңды ұсынуға қауқарымыз жете ме?», – деп жазды Бапи желідегі парақшасында.
Депутат мұндай шектеудің халықаралық міндеттемелер мен мемлекетаралық келісімдерге қайшы келетін-келмейтінін саралау қажеттігін де атап өтті.
«Мәселен, Қытай осы тәрізді заң арқылы шетелге шығуды қатаң бақылауда ұстайды. Әрине, халықаралық шартты сақтауымыз керек. Дегенмен мемлекеттік құпияны білетіндерге алдын-ала белгілі бір шектеу қойып, «қызыл сызық» белгілейтін уақыт келді. Кремль мұны қалай қабылдайды? Білмеймін. Білетінім экс-президенттің мұндай әрекетін Қазақстан билігі мен халқына қыр көрсету деп қабылдау қажет», – дейді депутат.
Еске сала кетейік, бүгін Ресей президенті Кремльде экс-елбасы Назарбаевты қабылдаған болатын.
Жалпы әр желтоқсан сайын Мәскеуге ұшып кету Назарбаевтың сүйікті әдеті. Саясаткер Әміржан Қосановтың айтуынша экс-елбасы мен Кремль басшысының арасында жабық мәміле бар.

