Қазақстанға тоқпен жүретін көлікті жеңілдікпен, баж салығы мен салықтан босатып әкелуге мүмкіндік беретін квота тоқтады. Биылдан бастап электр көліктері жалпы тәртіппен рәсімделеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Мемкірістер комитетінің сарапшысы Медет Меделбай тікелей эфирде түсіндірді. Айтуынша, 2022-2025 жылдар аралығында Қазақстан азаматтары электркөлікті баж салығы мен салықтан босатып әкелген. Төрт жылға созылған жеңілдік аясында елге жыл сайын белгілі бір көлемде квота бөлінген.
«2022 жылы 10 мың электрмобиль, ал 2023-2025 жылдары жыл сайын 15 мың көлікке дейін квота берілді. 2025 жылдың соңында Еуразиялық экономикалық комиссия квотаны ұзартпау туралы шешім қабылдады. 2026 жылдан бастап Қазақстанға электр көлігін әкелгенде барлық кедендік төлем мен салық толық төленуі тиіс», – деді сарапшы.
Тоқпен жүретін көлікті кеденнен рәсімдеудің бірнеше жолы бар
Біріншісі – Тауар декларациясын рәсімдеу. Мұнда екі түрлі ставка қолданылады. Қазақстанның ДСҰ алдындағы міндеттемесі бойынша: кедендік алым 6 АЕК, ҚҚС 16%. Бірақ мұндай көліктерді тек Қазақстан аумағында ғана пайдаланып, сатуға болады.
Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифімен: кедендік алым 6 АЕК, баж салығы — көлік құнының 15%-ы, ҚҚС 16%. Бұл жағдайда көлікті өзге елдерге сатуға немесе шығарып пайдалануға шектеу жоқ.
Екінші тәсіл Жолаушылар кедендік декларациясын рәсімдеу. Мұнда электромобильдің кедендік құнының 31%-ы көлемінде бір реттік жиынтық төлем қарастырылған.
«Электр көлігін жеке мақсатқа да, коммерциялық мақсатқа да әкелуге болады. Бірақ бір адам бір жылда тек бір көлік кіргізе алады. Мәселен, бір электромобильді желтоқсанда рәсімдеп, екіншісін қаңтарда қайта әкелуге болмайды. Келесі көлікті әкелу үшін алдыңғы рәсімдеуден кейін толық 365 күн өтуі қажет», – деді Медет Меделбай.
Еуразиялық одақтың шалығы тоқпен жүретін көліктердің нарығын да шарпып өткен жайы бар. Бұған дейін танымал кәсіпкер осынау одақтың кем-кетігін жіпке тізіп, Бектенов үкіметіне үндеу жолдаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

