Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасында тілге байланысты тұтанған жанжал бойынша тараптардың әрқайсысы 20 АЕК көлемінде айыппұл арқалады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемжеліде тараған видеода Елена дейтін мейрамхана қызметкері қазақша қызмет көрсетуден үзілді-кесілді бас тартқан. Әлгі жерге түстенуге келген клиенттің мемлекеттік тілде қызмет көрсетілуі керек деген талабына құлақ аспай, мен «КСРО-дан туғанмын» деген түсініксіз уәжді алға тартқан болатын.
Қазақша сөйлеуге ешкім міндеттей алмайтынын айтқан Елена ақыр соңы клиенттің кеудесінен кері итеріп, мейрамханадан қуып шыққан еді.
«Пашел вон отсюда…» деген дөрекі сөз бергі жағы, басқа да балағат айтқан мейрамхана қызметкерінің әрекеті күллі қазақтілді аудиторияның шамына тиген. Оқиға әп-сәтт күллі елге тарап Шымбұлаққа шығып алған Gusto ресторанына жаппай бойкот басталған еді.
Мейрамхана маманы «клиент маған қол жұмсады» деп істің арнасын басқа бағытқа бұруға тырысқан. Кейін керісінше, әлгі Еленаның қазақша сөйлеуді өтінген клинетті төмпештеп жатқан видеосы тараған.
Оқиғаға адвокат Мейірман Шекеев араласып, қазақ тілін қорғау үшін заңдық көмек көрсететінін мәлімдеген еді.
Бойкоттан банкроттыққа дейін…
Істің насырға шапқанын сезген Gusto-ның мемтілді менсінбейтін маманды жұмыстан шығарғаны белгілі болды. Бойкоттан қорыққан мейрамханаға басшылығы күні кеше қазақтілді қауымнан кешірім сұрап, жұмыс процесін қазақшалауға уәде берді.
Істі Алматы полициясы тергеп, оқиғаға тұрмыстық сипаттағы жанжал деген баға берген екен. «Екі тарап та бір-біріне шамалы деңгейде қысым көрсеткен. Қазір олар бір-бірінен кешірім сұрап, өзара татуласты», — дейді пәлцейлер.
Дегенмен сот екі тарапқа да ұсақ бұзақылық бабы бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Полиция тұрмыстық және тілдік мәселенің жанжалға, қоғамдық тәртіпті бұзуға ұласпауы керегін еске салып отыр.
«Ұлтаралық не тілдік мәселені әдейі ушықтырып, арандату әрекетіне жол берілмейді», – деді құқық қорғау өкілдері.
Еленаны тәубесіне түсіріп, ел алдында кешірім сұратқан танымал адвокат Мейірман Шекеевтің айтуынша бұл өзгелерге сабақ болатын жеңіс.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Кешірмеу керек, соттау керек дегендерге айтарым, қолдан келсе істеңіздер. Тек коммент емес, әрекет керек. Осы оқиғаға дейін сол жердегі ас мәзірі мен көрнекі ақпараттың тек орыс тілінде екеніне де ешкім бас ауыртпады. Барлық жерде осыған назар аударыңыздар, талапшыл болыңыздар», — дейді Шекеев.
Айтуынша, GUSTO басшылығы бірер күнде мейрамхананың көрнекі ақпараты мен ас мәзірін толықтай қазақшалап, қазақша қызмет көрсетуге уәде берген.
Бұған дейін Ertenmedia-ның тұрақты авторы, белгілі PR-шы Айбар Олжай жаңа буын жастар орыс тілінен саналы түрде, толықтай бас тартып жатқанын мәлімдеген.

