Ел үкіметі жүргізушілерге арналған сақтандыру полисінің құнын төмендетуді қарастырып жатыр. Әсіресе алғаш рет сақтандыру келісімшартын жасайтын жаңа жүргізушілерге тиімді болады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Баға 40 пайызға дейін арзандауы мүмкін. Бұған дейін (биыл сәуір айынан бастап, ред.) көлікті жаңадан тізгіндеген азаматтар пен мопед иелерінің сақтандыру полисі күрт қымбаттаған еді.
Мысалы, Алматыда бұрын 40 мың теңге болған сақтандыру құны 78 мың теңгеге дейін өскен. Ал Астанада 56 мың теңгеден бірден 112 мың теңгеге дейін шарықтап шыға келген.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары бұл норманы қайта қарауды ұсынған еді
– Егер ұсынылған өзгеріс қабылданса, көлікке жаңадан отырған жүргізушілердің сақтандыру полисі Алматыда 46 мың теңгеден (бұрынғы баға 40 мың теңге), Астанада 65 мың теңгеден аспайды (бұрынғы баға 56 мың теңге). Сондай-ақ мопед пен скутер жүргізушісі үшін «бонус-малус» жүйесінде жеңіл көліктен бөлек, арнайы жеңілдік коэффициенті бар жеке санат енгізілмек, – деді премьер-министр Олжас Бектенов.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, сақтандыру құнын төмендетуге түрткі болатын өзгерістер әлі әзірленіп жатыр. Соңғы нұсқасын талқылауға жаздың соңына қарай шығару жоспарланған.
Демек, енді ғана көлік мініп, жолға шыққан жүргізуші мен мопед иесі үшін сақтандыру бағасы осы күзде немесе ең кеш дегенде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап арзандауы мүмкін.
Айта кетейік, жаңа Салық кодексі енгізілген соң қозғалтқыш көлемі үлкен және ескі көлік иесіне де салық жеңілдемек. Бұл өзгерістің де пайдасы жүргізуші қалтасына айтарлықтай әсер етпек.