Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози 2007 жылғы сайлауда Ливиямен жасырын мәмілеге барғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Ertenmedia.
Париж сотының тұжырымы бойынша, Саркози айналасындағы адамдар Ливия билігімен сайлау науқанына ақша бөлу туралы құпия келісімге келген.
Le Monde басылымының дерегінше, экс-президенттің штабына Ливиядан 50 млн еуроға дейін қаржы құйылған болуы ықтимал.
Сот отырысында Саркози осы фактілердің бір бөлігін мойындаған. Бірақ бастапқыда тағылған пара алу және шетелдік қаржыны заңсыз пайдалану айыптары дәлелденбей, іс материалынан алынған.
Экс-президентпен бірге оның үзеңгілестері бұрынғы министрлер Клод Гиан мен Брис Ортефю де айып арқалады. 70 жастағы Саркози сот шешімін қайта қарауды талап етуге құқылы. Апелляция түсірілген жағдайда жазаның орындалуы бірнеше айға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін.
Ливиялық ақшаның сайлау науқанына жұмсалғаны туралы алғашқы әңгіме 2011 жылы басталған. Сол уақытта Муаммар Каддафи мен Ливия басылымдары Саркозиге миллиондаған еуро астыртын аударылғанын мәлімдеген. Кейін Францияның прокуратурасы Саркозиге парақорлық, жемқорлық және мемлекеттік қаражатты заңсыз пайдаланған деген ауыр баптармен айып тақты. Мұндай қылмыс үшін ең ауыр жаза он жыл түрме еді.
Саркозиге үшін бұл бірінші үкім емес. Бұған дейін 2024 жылы жемқорлық ісімен сотталған. Оған қоса, 2012 жылғы сайлау науқанына қатысты «Бигмалион ісі» бойынша тағы бір жылға жазаға кесілді.
Саркозидің есімі Қазақстан үшін де жақсы таныс. 2011 жылы ол сол кездегі президент Назарбаевпен бірге «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» кәсіпорнын құрған. Арада үш жыл өткенде Франция баспасөзі «Назарбаев Саркозиге Патох Шодиевтің ісін тоқтатуға ықпал етуді сұрап, орнына 45 Eurocopter тікұшағын сатып алды» деген ақпарат таратқан еді.