Қазір Астанада эпидемиологиялық ахуал күрделі күйде қалып отыр. Бір аптада 13 536 тұрғын жедел респираторлық инфекция және тұмау жұқтырған деп жазады Ertenmedia.
Ауырғандардың жартысынан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен аптамен салыстырғанда көрсеткіш аздап төмендегенімен, былтырғы жылдан бір жарым есе көп.
Әсіресе мектеп оқушылары арасында сырқаттанғандар саны артып келеді жалпы көрсеткіштің 25%-ын құрап отыр. Зертхана мамандары тексерген 431 сынаманың 213-інен тұмаудың А(H3N2) вирусы табылған. Сондай-ақ, бірлі-жарым жағдайда COVID-19 да анықталды.
Осы жағдайға байланысты Астананың бас санитар дәрігері арнайы қаулы қабылдап, қаладағы санитарлық шараларды күшейтті.
Енді:
- Емханаларда маска тағу режимі қатаң сақталып, науқастарды қарауға жеке бөлмелер бөлінеді. Дәрілік препараттар қоры көбейтіліп, медициналық ұйымдардың жұмыс уақыты ұзартылады.
- Ауруханаларда науқастарды келіп көруге уақытша шектеу қойылады. ЖРВИ және тұмау белгілері байқалған адамдар бөлек оқшауланып, ғимараттарды жиі дезинфекциялау жүргізіледі.
- Жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бір жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдердің шақыртуларына басымдық беріліп, үй жағдайындағы патронаж күшейтіледі.
- Мектептерде сыныптың 30 пайыздан астамы ауырып қалса, оқушылар қашықтан оқытуға көшеді. Сондай-ақ, таңғы фильтрлер енгізіліп, мектептер мен балабақшаларда жаппай шаралар өткізуге шектеу қойылады.
Еске сала кетейік, Астананың бас санитар дәрігері бұған дейін, 19 қараша күні де эпидемиологиялық шараларды күшейту туралы қаулы қабылдаған болатын. Себеп тұмау мен ЖРВИ жұқтырғандар санының күрт өсуі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







