Алматы облысы Шелек ауылының тұрғыны, жүк көлігінің жүргізушісі Нұржан Жанаев Әзербайжан шекарасында бес тәуліктен бері шарасыз күйде отыр деп хабарлайды Ertenmedia.
Отандасымыз Қытайдан Әзербайжанға сегіз автокөлік тасымалдап апарған. Әр екі көлікке бір CMR жүкқұжаты берілген. Барлығы – төрт жүкқұжат.
«Барлық құжатты шекара бекетіндегі терезеден тексеруге бергенмін. Қайтарып берген кезде бір-бір парақтан жоқ екенін байқадым. Бір құжаттың үш парағының біреуі жоқ, екіншісінде шот-фактура жетіспейді. Егер өзім жоғалтсам, құжатты толық жоғалтар едім ғой. Бір парақтап жоғалтуым мүмкін емес», — дейді жүргізуші.
Құжаттың толық еместігіне байланысты Әзербайжан шекарашылары Жанаевты ел аумағынан шығармай отыр.
«Қытайдан құжаттардың көшірмесін сұрап, PDF форматында алдырдым. Бірақ шекарашылар енді Ресейдің қызыл мөрін талап етіп отыр. Мендегі құжаттың көшірмесінде сол қызыл мөр анық көрініп тұр. Құжат қабылдағандар түпнұсқаны өздерінде қалдырып, маған тек көшірмені берген. Енді көшірмені де жарамсыз деп қабылдамай отыр», — дейді ол.
Жағдайды тіпті ушықтырып жіберген тағы бір жайт бар. Әзербайжан шекарашылары Жанаевтың төлқұжатын кепіл ретінде алып қалған.
«Қазір төлқұжатым жоқ, онсыз еш жерге кіре де алмай отырмын. Терминалға барып, мөрді қойғызуға да мүмкіндік болмай тұр», — дейді Жанаев.
Оның сөзінше, Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігіне хабарласқан. Консул Әсел есімді қызметкер «көмектесемін» дегенімен, еш нәтиже жоқ.
«Консул «қазір шешемін» деп уәде берді. Бірақ одан бері де біраз уақыт өтті. Қазір бес күннен бері көлігімде түнеуге мәжбүрмін», — деп шағымданады жүргізуші.
Нұржан Жанаев БАҚ пен құзырлы органдар назар аударса деп сұрайды. Себебі алдағы Құрбан айт мейрамында шекара жабылса, жағдайы одан әрі қиындай түсуі мүмкін.