Ұлытау облысындағы шахтада қаза тапқан түркістандық Бақытбек Жұмаділлаевті жақындары бүгін жер қойнына тапсырды, — деп хабарлайды ErtenMedia Qaz365.kz басылымына сілтеп.
49 жастағы кеншінің жаназасына Түркістан облысының әкімі мен «Жомарт» кенішінің өкілдері келген. Марқұмның артында кәмелет жасына толмаған төрт баласы мен келіншегі қалды. Ұлдарының үлкені 11 жаста болса, кішісі небәрі 4 жаста. Үйінің жалғыз асыраушысынан айрылған әйелі қаралы хабарға әлі де сене алмайтынын айтқан.
«17-сі сағат 10.30 кезінде естідім. Ауысымға негізі таңертең түскен. Оқиға бес кезінде болған дейді. Енді бес жыл шыдасам, зейнетке кетемін деп жүрген еді. Балажан. Балаларына жақсы қарайтын», — дейді марқұмның әйелі Сандуғаш Нұржанова.
Бақытбек Жұмаділлаевтың Түркістаннан Қарағандыға қатынап жұмыс істеп жүргеніне 20 жыл болған. Енді бір бес жылдан кейін зейнетке шығуды жоспарлаған кенші ол күнге жете алмады. Осыны айтып жылаған жақындары мақұмның өте адал әрі ешкіммен қақ-соғы болмағанын айтады. 15 күн Ұлытауда жұмыс істеп, 15 күн Түркістанда өз үйінде болатын төрт баланың әкесі жұмысына 4 күн бұрын ғана барған екен.
«Немқұрайлы кіргізіп отыр ғой. Ол шахтаға кірерде қол қойып жұмысқа түсті. Бастықтары жарамды деп жіберді. Жарамды болса, неге атылады? Өйткені ауа айналымы жоқ. Ауа кететін болса, газ атылмас еді. 20 жылдық тәжірибесі бар.. Қанша бейнеті сіңген адам ол жерде. Осы бала-шағасын бағамын деп… Сол айлығы жетсе, неге жақсы үй салмайды?! Шахтаның ақшасы артып жатыр дейсіздер. Ештеңеге де жетпейді ол», — дейді кеншінің туысы Қарлығаш Сәрсенбаева.
Бақытбек отбасының жалғыз асыраушысы болған. Әкесінің жұмыстан келуін күтіп жүрген ұлдары әлі оның ажал құшқанын білмейді. Кеншінің отбасы Түркістан қаласындағы аядай үйде тұрып жатыр.
Айта кетейік, 2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде шахтада тау-кен массасы опырылып, жеті жұмысшы үйінді астында қалғаны туралы ақпарат тарады. Кабельдер үзілуіне байланысты олармен байланыс жоғалды. Кейін жетеуі де өлі табылды.
Апатқа байланысты құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД бөлімшелері, Апаттар медицинасы орталығының мамандары, ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен төтенше жағдайдың себептерін анықтап, зардап шеккендерге көмектесу мақсатында арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.