Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенін цифрлық трансформациялауға арналған озық технологиялар кешенін таныстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ведомство ұсынған бірыңғай тұжырымдама энергетикалық нысанның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Оған жобалаудан бастап жедел диспетчерлік басқаруға дейінгі, сондай-ақ ақпараттық және физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін өзара байланысты төрт негізгі бағыт енгізілген.
Жобалау кезеңіндегі жасанды интеллект
Инфрақұрылымды цифрландырудың алғашқы бағыты жасанды интеллект көмегімен энергетикалық нысандарды жобалауға негізделген. Бұл шешімді PowerChina Chengdu компаниясы ұсынып отыр. Жаңа алгоритмдер құрылыс басталғанға дейін нысанның орналасу аумағы мен техникалық көрсеткіштерін нақты есептеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар осы бастама аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында бірлескен зерттеу және әзірлемелер орталығы (R&D) құрылады.
Энергетика нысандарын жобалаудан бастап қауіпсіздігіне дейін кешенді цифрлық жүйе қадағалайды, бірақ түпкілікті басқару шешімін маманның өзі қабылдайды.
Нақты уақыттағы мониторинг және диспетчерлік бақылау
Екінші бағыт аясында Rauda Technologies компаниясы Palanor платформасы негізінде энергетикалық жүйені нақты уақыт режимінде қадағалау және басқару тетіктерін ұсынды. Жүйе желідегі ауытқуларды дәл пайда болған сәтінде тіркеп, оған дер кезінде жауап берудің бірнеше нұсқасын әзірлейді. Цифрлық жүйе маманды алмастырмайды, оған қолдау құралы ретінде қызмет етеді, ал түпкілікті шешімді диспетчер бекітеді.
Кванттық қорғаныс және дрондарға қарсы тосқауыл
Деректерді қорғауға арналған үшінші блокта Qubitera компаниясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығымен бірлесіп пилоттық жоба бастады. Жоба деректер тарату арналарын кванттық әдістермен қорғауға және өсіп келе жатқан киберқауіптердің алдын алуға арналған.
Төртінші бағыт бойынша аса маңызды энергетикалық инфрақұрылымды ұшқышсыз ұшу аппараттарынан қорғау қарастырылған. Dominor Partners ұсынған шешім нысан айналасында қауіпті анықтау мен тану периметрін құрады. Қатерді бейтараптандыру тәсілін кезекші оператор тікелей өзі шешеді.
Мұнай өнімдерінің өндірілуінен бастап сатылуына дейінгі барлық дерек KMG.AIAN жүйесі арқылы бірыңғай отын теңгеріміне біріктіріледі.
Отын балансын біріктіретін KMG.AIAN жүйесі
Форум алаңында таныстырылған тағы бір маңызды жаңалық – KMG.AIAN бастамасы. Жүйе мұнай өнімдері айналымының төрт негізгі сатысын, атап айтқанда өндіру, тасымалдау, қайта өңдеу және өткізу тізбегін елдің бірыңғай отын балансына тоғыстырады.
Мұндай бірыңғай тәсіл өңірлерде жанар-жағармай тапшылығының туындау қаупін алдын ала анықтауға жол ашады. Министрлік осы арқылы деректерге негізделген жедел басқарушылық шешімдер қабылдауды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







