Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) нарығының дамуы сәтті іске асып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгінде еліміздің энергетикалық балансында ЖЭК-тің үлесі артып, тұрақты даму көрсеткішіне қол жеткізілді. Қазіргі таңда жалпы қуаты 3,5 гигаватт болатын 162 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 67 жел электр станциясы, 49 күн электр станциясы, 43 су электр станциясы мен 3 биогаз электр станциясы бар.
2025 жылдың қорытындысына сәйкес, елдің энергетикалық жүйесіндегі «таза» генерация үлесі 7%-ға жетті. Алдыңғы жылғы көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Мысалы, 2024 жылы осы көрсеткіш жалпы электр өндірісінің 6,43%-ын құраған болатын. Мұның өзі энергетикалық сектордың орнықты әрі таза бағытқа қарай бет алғанын аңғартады.
Өткен жыл ішінде жалпы қуаты 503 мегаватт болатын 9 жаңа нысан іске қосылды. Оның басым бөлігін жел электр станциялары (387 МВт) құраса, күн электр станциялары 90 мегаватты қамтамасыз етті, сондай-ақ қуаты 26 мегаватт болатын жаңа су электр станциясы ашылды.
Аталған нысандардың барлығы Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Жетісу, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында орналасқан. Жаңғырған энергия көздері өңірлердің экономикалық белсенділігіне де оң әсерін тигізе бастаған.
Жаңартылатын энергия нарығының дамуына 2024-2027 жылдарға арналған аукциондардың үлесі зор. Осы аралықта жалпы қуаты 6,7 гигаваттты құрайтын жобаларға конкурс жарияланады. 2025 жылдың желтоқсанына дейін инвесторларға шамамен 4 гигаватт қуат үлестірілді. Осылайша Қазақстанның «жасыл» энергетика нарығы халықаралық инвесторлар үшін тартымды алаңға айналмақшы.
Еліміздегі жаңартылатын энергия көздері саласына Total Eren, Masdar, China Power International Holding, China Energy секілді беделді әрі танымал халықаралық компаниялар қызығушылық танытып отыр. Инвесторлардың қатысуымен алдағы жылдары бірқатар ауқымды жобалар іске асырылады деп жоспарлануда.
Жалпы алғанда, Қазақстан 2035 жылға дейін жаңартылатын энергия көздері арқылы қосымша 8 гигаватт қуатты іске қосып, ұлттық энергожүйені экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі тұрақты етуді көздеп отыр. Осы арқылы еліміз энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, таза энергияға көшу бойынша айқын стратегиялық бағытты ұстанады. Жаңа энергеия көздері мемлекеттің экологиялық жауапкершілігін арттырып, жаһандық энергетикалық трансформацияға толыққанды қатысушыға айналдыруға ықпал ететін болады.
Айтпақшы, Қазақстан мен Финляндияның энергетика саласындағы ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілмек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

