20 наурызда Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, алдағы конституциялық өзгерістер талқыланады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе Конституциялық заң жобасының алғашқы оқылымы.
Мұны Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған құжат қазір Парламент қарауында жатыр. 20 наурызда заң жобасы палаталардың бірлескен отырысында бірінші оқылымнан өтсе, 27 наурызға екінші оқылым белгіленген.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің сөзінше, енді Үкімет пен депутаттар жаңа Конституцияға сай келмейтін заңдар мен заңға тәуелді актілерді жедел қайта қарауы тиіс.
Ең әуелі бес жаңа конституциялық заң қабылданып, қолданыстағы сегіз конституциялық заңға түзету енгізіледі. Одан бөлек, кодекстерді қоса алғанда 60-тан астам заң қайта бейімделмек.
Үкімет басшысы Конституцияны ілгерілетуге арналған арнайы іс-шаралар жоспарын да әзірлеп, бекітуді тапсырды. Құжат аясында Конституцияны жаппай тарату, оны көпшілікке қолжетімді электронды платформаларға орналастыру, білім беру саласына арналған әдістемелік ұсынымдар мен оқу құралдарын дайындау көзделіп отыр.
Сөйтіп, 20 наурыздағы отырыс жаңа конституциялық тәртіптің саяси және құқықтық қаңқасын айқындайтын маңызды кезеңге айналғалы тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







