Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Еңбекшіқазақ ауданына жұмыс сапары мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Өңір басшысы облыстық басқарма басшыларымен және аудан әкімімен бірге ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар нысандарды аралады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапардың алғашқы нысаны Балтабай ауылындағы «Baltabai Den» кәсіпорны болды. Мұнда жүгері дәндерін кептіру және консервілеу жүзеге асырылады. Өндірісте 30-ға жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Кәсіпорында төрт астық кептіргіш орнатылған, ал қабылданған жүгері дәндерінің көлемі 20 мың тоннаға жеткен.
Шелек өңірінде әкімдік өкілдері инженерлік желілердің құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстарының барысы туралы баяндады. Шелек ауылында ұзындығы 124 шақырым болатын су құбыры желісін салу аяқталуға жақын. Жобаның құны 5,1 млрд теңге. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 8 мың абонент орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.
Сонымен қатар ұзындығы 21 шақырым болатын кәріз жүйесін қайта жаңарту жұмыстары да аяқталуға таяу. Ағынды суларды жинау қоймасы салынды, биологиялық тазарту станциясының жабдықтарының 95%-ы орнатылды. Ұзындығы 144 шақырым электр желілерін қайта құруға жобалық-сметалық құжаттама дайындалған, 1,7 млрд теңгеге қаржыландыруға өтінім берілді. Бұдан бөлек, құны 1,3 млрд теңге болатын сегіз блокты-модульді қазандық салу жобасы әзірленген.
Сапар барысында облыс әкімі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен де танысты. «QazEcoDan» компаниясының директоры Қазбек Қайралапин астық және майлы дақылдарды қабылдау, кептіру, сақтау, сондай-ақ құрама жем өндіру бойынша заманауи кешеннің құрылысын таныстырды. Жобаның инвестициялық көлемі шамамен 10 млрд теңгені құрайды. Кешен Қазтай Ұлтарақұлы ауылы маңында, теміржол және автожол торабына жақын орналасқан, бұл тиімді логистиканы қамтамасыз етеді.
– Басты мақсатымыз өңдеу кәсіпорындарының, қоймалардың және астық қабылдау пункттерінің қуатын арттыру. Бұл егінді кептіру мен сақтауға жағдай жасап, жаңа жұмыс орындарын ашуға және мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы — бұл жоба дәнді және майлы дақылдардың егіс алқабын ұлғайту мен өнім көлемінің артуына серпін береді, – деді Қазбек Қайралапин.
Өз өнімін «Qazaq Global Food JV» компаниясы да таныстырды. Компания басшысы Ержан Жұматаевтың айтуынша, көлемі 9 млрд теңгеден асатын жеміс-жидек пен көкөніс өңдейтін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын жылына 6,2 мың тонна концентратталған шырын және 6,7 мың тонна пюре өндіретін болады.
Зауыттың Еңбекшіқазақ ауданында салынуы қолайлы орналасуымен және шикізат жеткізушілерге жақындығымен байланысты. Дайын өнімді экспорттау бойынша Түркияның Goknur Gida компаниясы стратегиялық серіктес болып табылады. Қазақстанның Даму банкімен несие желісін ашу туралы келісім жасалған. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.
Тағы бір жоба жеке кәсіпкер «Тұржан Дәулетхан Мәжитұлы» жүзеге асырып жатқан 612 бас голштин тұқымды сиырға арналған сүт-тауарлы ферма құрылысы. Жоба 85%-ға орындалған. Қондырғылардың басым бөлігі жеткізілген, алдағы уақытта сауу залы мен көң шығару жүйесін орнату басталады. Ферма 2026 жылдың көктемінде пайдалануға берілмек.
Инвестжобалардың құрылтайшылары облыс әкімдігі тарапынан көрсетіліп жатқан кешенді қолдауды жер телімдерін бөлу мен инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді атап өтті.
– Алматы облысы инвестиция тарту бойынша алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Инвесторлармен өзара іс-қимыл жүйесі нақты әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Мұндай жобаларды сүйемелдеу біздің басым міндетіміз. Әрине, жобаларды іске асыру кезінде түрлі қиындықтар туындауы мүмкін, біз оларды шешуге көмектесеміз. Тәуекелдерді азайту мен бюрократиялық кедергілерді жою инвестициялық климатқа тікелей әсер етеді. Ең маңыздысы сіздердің бастамаларыңыз ауыл шаруашылығы өндірушілеріне нақты пайда әкеледі. Олар өнімін тек өсіріп қана қоймай, өңдеуге мүмкіндік алады, бұл табыстылықты арттырып, шығынды азайтады, деді облыс әкімі.

