Алматы әкімі Ерболат Досаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыс етті,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Марапатталғандар тізімінде — еңбегімен, ерен ісімен қала мен елдің дамуына үлес қосатын Алматының әйел тұрғындары бар.
Президенттің жарлығымен білім беру жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен еңбек ардагері Зайда Жайсанова марапатталды. Оның кәсіби қызметі қазақ мектептерін дәріптеумен, неміс тілін оқыту әдістемесін жетілдірумен және білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтумен байланысты.

Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен еңбек ардагері Татьяна Лесова да марапатталды. Ол жеңіл атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, жоғары біліктілік санатындағы жаттықтырушы, КСРО чемпионы және Олимпиада ойындарының жүлдегері.
Мемлекет басшысы биыл жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Алматжылукоммунэнерго» ЖШС қазандық шаруашылығын пайдалану ауданы №6 учаскесінің химиялық су тазарту аппаратшысы Ольга Дрофа марапатталды. Ол кәсіпорында 1996 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істейді және өзінің еңбек жолын бүгінгі күнге дейін жалғастыруда.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «ALMATY MAI» ЖШС шикізатты қабылдау және шротты түйіршіктеу цехының бастығы Ирина Хасанова марапатталды.
1997 жылдан бастап «Үміт» саңырау мүгедектерді қолдау орталық» қоғамдық қорын басқаушы Аманбике Ерғалиева «Шапағат» медалімен марапатталды. Оның әлеуметтік саладағы жұмыс өтілі 30 жылдан асады.