Тұрғындардың шағымынан кейін танымал әнші Ерболат Құдайберген наркологиялық орталыққа емделуге жіберілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін желіде Алматыдағы наркологиялық орталықтың алдында тұрған Ерболат Құдайбергенге ұқсайтын адамның видеосы тараған болатын.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әншінің үстінен көпқабатты үй тұрғындарынан шағым түскен. Олар оның қоғамдық тәртіпті бұзып, агрессивті мінез көрсеткенін айтқан.
«Оқиға орнына учаскелік инспектор бірден барған. Шағым расталды: азаматтың жағдайы нашар екені байқалды, айналасындағы адамдардың мазасын алып, өзін агрессивті ұстаған», – делінген полиция хабарламасында.
Ұсталғаннан кейін әншіні дәрігерлер тексеріп, наркологиялық мекемеде 15 күн емделуі қажет деген шешім шығарды.
Сонымен қатар, Ерболат Құдайберген әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған тыныштықты бұзу, тіркеусіз тұру және қоғамдық орында азаматтарға тиісу бойынша айып тағылған. Полиция бұл оқиға бірінші рет еместігін атап өтті.
Артынша…
Артынша әншінің өзі парақшасында видео жариялап, әлгі жағдайда қатысты пікір білдірген екен. Ерболат Құдайберген көпшілікке мотивациялық сипаттағы өлең жолдапты:
«Асфальт қала, тас көше, жүреміз ешкімге бас имей,
Бағытым айқын, мақсатым биік, тоқтамаймын, тоқтамаймын, алға қарай!
Қалтада аз ақша, бірақ ойымда үлкен жоспар,
Достар аман болсын, жаулар көбейсін, маған бәрібір, менде бәрі бар.
Таңертең ерте тұрамын, жоспар құрамын,
Жақындарымды ойлап, алға ұмтыламын.
Өмір қиын, иә, бірақ мойыма,
Өз жолыңды тап, өз атыңды шығар!» – деп жазды ол.
Желі қолданушылары өнер иесіне қолдау көрсетіп, түрлі пікір қалдыруда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

