Қазақстандық танымал спортшы әрі актер Еркебұлан Тоқтар өз жеңілісінен ақша ұтылған жанкүйерлеріне өткір сын айтып, жауапкершілікті өзіне емес, әркім өзіне жүктеу керектігін ескертті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған жазбаларда кейбір жанкүйерлер Тоқтардың жекпе-жегіне ақша тігіп, жеңіліс тапқаны үшін спортшыны кінәлай бастаған. Осыған шамданған спортшы қатаң сөз айтып, лудомания әркімнің жеке таңдауы екенін атап өтті.
«Маған жазып жатыр: «Бауыр, демалысың қалай, бізді жерге қараттың ғой!» дейді. Менің жеңісіме ақша қойып ұтылып қалыпты. Ол жерде миллиондар немесе миллиардтар тігілген жоқ, небәрі 1-2 мың теңге. Біздің елде одан көп ешкім тікпейді де. Енді соны менен көріп отырсыңдар. Құрметті лудомандар, ашық айтайын: сендердің тәуелді болып қалғандарың менің проблемам емес, ол өздеріңнің жеке мәселелерің. Сендерді сол жағдайдан шығаратын мен емес, өмірдің өзі», – деді Еркебұлан Тоқтар.
Спортшы өзі де кезінде бәс тігіп, ойынқұмарлықтың зардабын тартқанын жасырмады. Сол себепті ойыншылардың психологиясын жақсы білетінін атап өтті. Тоқтардың айтуынша, жеңіл ақша табамын деген ой түбінде үлкен шығынға әкеледі.
«Мен де сол кезеңнен өттім. Сендерді әлі алда талай «қызық» күтіп тұр. Әлі талай ПСЖ, «Реал Мадрид», «Барселона» секілді командаларға ақша тігіп, бір күні ештеңесіз қаласыңдар. Сонда ғана «бекер істеппін, енді жоламаймын» деген түсінік келеді. Сол кезде құмарлықтан арылып, оңай ақша іздеуді қоясыңдар. Оңай ақша деген жоқ, оны маңдай термен ғана табасың», – деді ол.
Сондай-ақ, Еркебұлан Тоқтар проблеманың негізгі себебін адамдардың өз қателігін мойындамауынан және басқалардан кінә іздеуінен көретінін жеткізді.
Еске сала кетейік, Еркебұлан Тоқтар бұған дейін қырғыз спортшысы Марсел Нұрланбекұлынан жеңіліс тапқан болатын. Қазақстандық файтердің кәсіби ММА-дегі қазіргі көрсеткіші – 11 жеңіс, 3 жеңіліс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







