Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Орталық Азия – Қытай: аймақтық әріптестіктің жаңа көкжиектері» атты талдау орталықтарының V форумының ашылуына қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясына қарасты Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтымен бірлесіп ұйымдастырды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Форумға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінен келген жетекші талдау орталықтарының, мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми мекемелердің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алқалы жиында сөз сөйлеген Ерлан Қарин көпжақты диалогты нығайтудың маңызына тоқталып, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Мемлекеттік кеңесші таяу арада Астанада өтетін «Қытай – Орталық Азия» саммитінің екінші отырысы осының бір дәлелі екенін атап өтті.
— Барлық жүзеге асырылған және болашақ реформалар мемлекеттігімізді нығайтуға, барша азаматтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Сондықтан жүргізіліп жатқан саяси бағыт салмақты қоғамдық қолдауға ие. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама деректеріне сәйкес, Қазақстанда азаматтардың 73,3 пайызы, ал Қоғамдық саясат институтының дерегі бойынша азаматтардың 79,5 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды. Бұл Қазақстанда мемлекет пен қоғам бірігуінің жоғары деңгейін білдіреді, — деді Ерлан Қарин.