Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан стюардесса туралы фильм түсіріледі, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Әзербайжан Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан стюардесса Хокума Алиеваның өміріне қатысты деректі фильм түсірмек.
Фильмнің көркемдік жетекшісі — Әзербайжан кинематографистер одағының төрағасы, халық әртісі Расим Балаев, сценарий авторы әрі режиссер — Зия Шихлинский, оператор — одақ басқармасының мүшесі, өнер қайраткері Адиль Аббасов.
Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің 2024 жылғы 29 желтоқсандағы жарлығымен Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан Embraer 190 жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған кезде кәсіби шеберлігі, ерлігі және жолаушылардың өмірін сақтап қалуда көрсеткен батылдығы үшін Хокума Джалилқызы Алиеваға қайтыс болғаннан кейін «Әзербайжанның Ұлттық Батыры» атағы берілді.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Оқиғадан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
«Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз», — делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.