Депутат Ермұрат Бапи денсаулығы күрт нашарлап, шұғыл түрде Еуропаға медициналық диагностикаға аттанды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін депутаттың өзі де белгісіз жағдайға байланысты уланған болуы мүмкін екенін ашық жазған еді.
«Диагнозым белгісіз. Денсаулығымда күрделі мәселе бар. Уланған болуы мүмкін екенімді айтты дәрігерлер. Нақты себебін білу үшін молекулалық деңгейдегі диагностика қажет болып тұр. Қандай жағдай болса да, аман болайық, ағайын!» – деді депутат әлеуметтік желідегі жазбасында.
Ақпарат көздерінде мәжілісменнің денсаулығына қатысты мәселе соңғы жарты жылда ушыға бастағаны айтылған.
Дәрігерлер алғашқы тексеріс кезінде нақты диагноз қоя алмаған. Жақында депутаттың жағдайы күрт нашарлаған соң дәрігерлер кеңесі жиналып, оған шұғыл шетелдік мамандар көмегі керектігін мәлімдеген.
Дереккөз мәліметінше, депутаттың бойындағы симптомдар әдетте жүйке-паралитикалық әсер беретін улы заттардың салдарынан туындайды екен. Симптомдар алғашында теріде ісік пайда болып, кейін дененің әр бөлігінде қайта шыға бастаған. Дәрігерлер биопсия жасап, нақты ештеңе таба алмаған соң, оны шетелде диагностикадан өткізу туралы шешім қабылданған.
Еске сала кетсек, депутат Ермұрат Бапи соңғы уақытта экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерінің түрлі әрекеттерін ашық сынға алып жүрген болатын. Ол әсіресе Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен күйеу баласы Тимур Құлыбаевты бірнеше рет сынға алып, олардың қаржылық іс-әрекеттеріне қатысты өткір мәлімдемелер жасаған еді.
Әзірге депутаттың нақты қай елге кеткені айтылмады, ол шетелде шамамен он күндей болуы мүмкін. Диагностика нәтижесі бойынша оның әрі қарай ем алу-алмауы шешіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







