Атышулы банкир Жомарт Ертаев түрмеден амнистия бойынша босап шықты. Ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілдері растады деп жазады Ertenmedia.
«Сотталған азамат сот үкіміне сай қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатқан. Амнистияға сәйкес, Ертаев босатылып, пробация қызметінің есебіне алынды», – деп мәлімдеді ресми орган өкілдері.
Ертаев есімі елге алғаш рет 2009 жылы «Альянс Банкінің» ісімен танылған еді. Банктің топ-менеджменті миллиард доллардан астам қаржыны шетелге заңсыз шығарып, ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінген болатын. Тоғыз ай тергеу изоляторында отырған Ертаев кейін кепілмен босап, сот үкімімен шартты жазаға кесілген.
Банк саласынан алыстаса да, Ертаев бизнестен қол үзген жоқ. 2014-2016 жылдары «Алма-ТВ» телекоммуникациялық компаниясын, ал кейінірек «Алма Групп» холдингін басқарды. Бұдан соң Ресейдегі бірқатар банктің директорлар кеңесіне мүше болды.
Екінші толқын RBK Bank ісі. 2018 жылдың мамырында Мәскеуде Қазақстан билігінің сұрауы бойынша ұсталған Ертаевқа бұл жолы RBK банктен жалған компаниялар арқылы 80 миллион доллар ұрлады деген айып тағылды.
Ертаев қамаудан үйқамаққа ауыстырылып, тағылған айыптарды «саяси қысым мен рейдерлік шабуыл» деп мәлімдеген болатын. Қыркүйекте босатылғанымен, қараша айында қайта ұсталып, босқын мәртебесінен айырылғаны есімізде.
Қазақстан соты 2020 жылы Ертаевты ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және алаяқтық жасады деп айыптап, оны 11 жылға бас бостандығынан айырған еді. Кейін бұл мерзім 9 жылға қысқарды.
Ертаевпен бірге RBK банктен 144 миллиард теңгені жымқыру ісі бойынша сотталған бизнесмен Бақыт Ибрагим өткен жылдың наурыз айында Алматыда өз-өзіне қол жұмсаған еді. Ол қайтыс болар алдында туыстарына хабарласып, жаңа қылмыстық іске және қайта қамауға шыдай алмайтынын айтқан.
Ибрагимнің ісі бойынша сот бірнеше жылға созылып, 700-ден астам томдық материал жиналған болатын.
Еркіндікке шыққан Ертаев енді пробациялық бақылауда болады.