1 шілдеден бастап қазақстандық банктер, банктердің шетелдік филиалдары, Қазақстан даму банкі мен «Қазпошта» Ұлттық банкке азаматтардың шоттары мен салымдары бойынша жаңа тәртіппен есеп бере бастайды деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңа ереже бойынша қаржы ұйымдары Ұлттық банкке төмендегі мәліметтерді тұрақты түрде ұсынуға міндетті:
Шот немесе депозит иесі туралы ақпарат
Бұл есеп әрбір жеке және заңды тұлғаға, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге, халықаралық қаржы ұйымдары мен заңды тұлға құрмаған компанияларға қатысты толтырылады.
Мәліметтерді 10 жұмыс күн ішінде беру талап етіледі.
Шот немесе депозит келісімшарты туралы есеп
Қаржы ұйымдары мен клиент арасындағы барлық келісімдер, соның ішінде жаңадан ашылған, мерзімі аяқталған немесе өзгеріске ұшыраған депозиттер мен есепшоттар туралы толық ақпарат беріледі. Есеп беру мерзімі 10 жұмыс күні.
Банк шоты бойынша есеп
Клиенттің есепшотының жай-күйі туралы толық ақпарат беріледі.
Шоттағы ақша қозғалысы туралы есеп
Бұл есеп ай сайын әзірленіп, келесі айдың 10-шы жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады. Онда есептік кезеңдегі қаражат қозғалысы, банк пен клиент арасындағы міндеттемелердің өзгерісі туралы мәліметтер қамтылады.
Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары Қаржы министрлігі, Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктер мобильді аударымдар бойынша қосымша критерий бекіткенін жазған еді.
Жаңа талап бойынша үш ай ішінде кіріс мобильді аударымдардың сомасы 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен (1,02 млн теңге) асқан жағдайда, есепке алынатын болады.