Ішкі істер министрлігі шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, азаматтарды есірткі қылмысына тартқан трансұлттық схеманы әшкерелеуге бағытталған ауқымды операция жүргізді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, қылмыстық желіні ұйымдастырушылар Қазақстаннан тыс жерде отырған. Олар интернет-ресурстар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жоғары жалақы уәде еткен жалған бос жұмыс орындарын жарнамалаған. Алайда іс жүзінде азаматтарды заңсыз есірткі айналымына тартумен айналысқан.
Топтың жұмысы арнайы құрылған колл-орталықтар арқылы үйлестірілген. Сол жердегі операторлар орындаушыларды іріктеп, оларға нұсқаулық беріп, есірткі тасымалдаушылардың әрекетін қашықтан басқарып отырған.
Арнайы операция 11 өңірде өтті. Соның нәтижесінде 40 адам ұсталды. Оның 11-і есірткіні тікелей таратты деген күдікпен қамауға алынды.
Тағы 9 адам тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке қамауға жабылған.
Тергеу барысында синтетикалық есірткі, компьютер техникасы, смартфондар, банк карталары мен электронды ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді. Құқық қорғау органдарының бағалауынша, аталған заттай дәлелдер іс үшін айрықша маңызға ие.
Жедел іс-шаралар барысында қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушылары анықталған. Қазір оларды ұстау және қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр.
Айта кетелік, бұған дейін есірткі бизнесін қорғаған «погондылар» құрықталған болатын. Белгілі болғандай, қылмыстық топтың басында абақтыда жазасын өтеп жатқан азамат тұрған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







