Есірткі – бұл өте айырықша әрі қатерлі сала, бұл мәселе ізгілік принциптерін қолдануды қажет етеді. Таразының бір басында – оны жеткізетін және тарататын адамның өмірі, ал екінші басында – оны қабылдайтындардың өмірінің құрып бара жатқаны. Есірткі заттарын теріс пайдалану, олардың заңсыз айналымы, әсіресе оның ұйымдасқан түрлері соңғы уақыттарда барлық жерлерде таралу тенденциясына ие болып отыр.
Есірткінің тарихына үңілсек..
Есірткі – (наркотик) сөзі гректің «narkotikos» сөзінен шыққан, яғни «елітетін», «мас ететін» деген мағынаны білдіреді. Есірткінің құрамында – табиғаты әр түрлі заттар тобы (өсімдік текті немесе синетикалық) бар және есірткіні теріс пайдалану нашақорлыққа алып келеді. Ал нашақорлық дегеніміз – адамның есірткіге тәуелділігі. Бұл дерт организмнің тіршілік етуі үзілмей, оны белгілі дәрежеде ұстап тұрып есірткі затын үнемі тұтынған жағдайда ғана мүмкін болатындығымен сипатталды және дене мен жүйке қызметінің әбден әлсіреуіне алып келеді. Халықтың есірткіге, нашақорлыққа салынуы қылмыстардың, аурулардың өсуіне, атап айтқанда, СПИД, вирусты гепатит және де т.б. ауруларға әкеліп соқтыратыны баршаға мәлім.
Психотроптық заттар – адамның жүйке жүйесіне әсер ететін және фармаколгиялық қасиеттері мен химиялық құрамына байланысты адам ағзасын еліртетін, күйзелтетін немесе жалған елес күйіне түсіретін заттар. Мұндай күйге түскен адам қылмыстардың небір сорақы түрлерін істеуге дейін барады.
Прекурсорлар – есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өңдіруге, дайындауға, өңдеуге пайдаланылатын заттар.
Есірткі барған сайын жастарға қол жетімді болып отырғаны, Қазақстан аумағына жаңа, оның ішінде өте күшті әсер ететін есірткілердің әкелінуі алаңдатып отыр, бұл жағдай нашақорлар мен жастар арасындағы қылмыс санының өсуіне себеп болатындығы белгілі. «Заңды есірткілер» атымен сатылатын синтетикалық есірткілер, айтқысыз қарқынмен таралып, халық үшін үлкен қауіпке және оларды зерттеу күрделі мәселеге айналып отыр. Синтетикалық есірткілердің табиғаты мен химиялық құрамы туралы, сонымен қатар, олар келтіретін зиян туралы қоғам хабарсыз және де бұл сарапшының жұмысын қиындатады. Талданатын заттардың артқан көлемімен жұмыс жасап үлгеру үшін және есірткімен күрес туралы ұлттық заңнаманың қатаңдатылған талаптарына сәйкес болу үшін, сарапшылар заттар мен препараттардың үлкен көлемімен жұмыс жасап, анықтау және талдаудың неғұрлым жылдам, нақты әрі ерекше әдістерін пайдалануға тиіс.
Синтетикалық есірткілер «заңды есірткілер», «шөптесін есірткілер», «ваннаға арналған тұз» және «химиялық реактивтер» атаулармен кездеседі. Көптеген Синтетикалық есірткілер Қазақстан Республикасында бақылауға жатпайтындықтан, заңнамада жеке белгіленбеген, алайда бақылауға жататын заттармен «химиялық ұқсастығы» бар заттарға бақылау орнату мақсатында заңнамаға есірткі заттарының, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсоролардың сот-сараптамалық зерттеуінің ең өзекті міндеттерінің бірі жасанды синтетикалық есірткілердің табиғаты мен түрлерін анықтайтын зерттеу әдістерін ойлап табу, сонымен қатар сәйкестендіру (салыстырмалы) зерттеулерін жүргізу.
Есірткі қылмыстарын тергеуде арнайы білімнің ең кең тараған түрі – сот сараптамасы. Сараптама сөзі латынның білгір, тәжірибелі деген сөзінен шыққан. Жалпы сараптама қандайда бір саланың білімін қажет ететін сұрақтарды шешу үшін саршымен жүргізілетін зерттеудің бі р түрі. Ал сот сараптамасы – оны шешу үшін мәні бар мән-эайларды анықтау мақсатында арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізілетін қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік істердің материалдарын зерттеу болып табылады.
Астана қаласы бойынша Сот сараптама институтында синтетикалық есірткілер соңғы 4-5 жылда көптеп тағайындала бастады. Институтқа олар негізінен құқық қорғау органдарынан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен арнайы қаулы бойынша жеткізіледі. Институт сарапшылары синтетикалық есірткілердің жыл сайын бірнеше жаңа түрін зерттейді. Химиялық құрамы жөнінен синтетитикалық есірткілер өте күрделі заттар болып табылады. Сондықтан сараптама жүргізу үшін тиісті технологиялар мен әдістемелер қажет. Мысалы, газдық хроматография, инфрақызыл спектроскопия, масспектроскопия секілді заманауи жабдықтар қолданылады. Осы жабдықтар арқылы есірткінің құрамы, шығу тегі анықталады. Бүгінгі таңда әлемде синтетикалық есірткілердің көптеген түрі бар. Олардың саны жылдан жылға ұлғайып өсуде. Табиғи есірткілердің орнына қолданылатын синтетикалық есірткілер химиялық құрамын өзгерту жолымен жыл санап көбейіп келеді. Ал оларды анықтау – күрделі сараптама жүргізуді талап етеді. Медицина дамыған сайын әлемде жасанды синтетикалық есірткілер саны артып келеді.
Есірткі құралдары, психотропты заттар мен олардың аналогтарын ерекше топтарға бөліп көрсетуге болады:
— табиғи шығу текті шикізатты қолдану арқылы, молекулалық құрылымы еш өзгермей алынған есірткілер – табиғи есріткілер (мысалы: марихуана, гашиш, көкнәр, апиын, әртүрлі көкнәр түрлерінің шырыны және т.б. түрлері). Бұл жерже физикалық әсер еті әдістері /кесу, ұнтақтау, кептірі, ериті экстракциялау/ арқылы жүргізіледі;
— табиғи шикізатқа жасанды жолмен шыққан химиялық қосылыстардың әсер етуінен алынатын – жартылай синтетикалық есірткілер (мысалы: героин, кокаин, ацетилді апиын және т.б.түрлері);
— жасанды шығу текті субстанциялар негізінде химиялық реакциялар арқылы алынатын есірткі құралдары мен психотропты заттарды қамтитын түрі – синтетикалық есірткілер.
Есірткі құралдары, психотроптық заттар және олардың аналогтарын зерттеу бойынша жүргізілген сараптамалар талдауы көрсеткендей, соңғы уақытта сараптамаға «синтетикалық есірткілер» деп аталатын жаңа психоактивті заттар жиі түсуде, олар дәстүрлі есірткі түрлерін нарықтан ығыстыруда. Бұл жаңа психоактивті заттардың табиғаты мен химиялық құрамы толық зерттелмеген, бұл өз кезегінде сарапшылардың жұмысын айтарлықтай қиындатады.
Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығы синтетикалық есірткілерді анықтау бойынша сараптамалардың өндіріс мерзімдерінің сақталуын және мерзімінен асу себептерін аймақтар бөлінісінде ай сайынғы негізде талдап отырады.
2024 жылдың 03 қыркүйегінен бастап синтетикалық есірткілерді анықтау бойынша сараптамаларды жүргізу мерзімдері (1-ден 3 нысанға дейін) 1 тәулікке дейін қысқартылды. Бұл алғашқы сот сараптамалық зерттеулерді алуға және шұғыл процессуалдық шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында есірткі сату арналарын ұйымдастыратын қылмыстық топтар өз позицияларын нығайтып, құқық қорғау органдарының заңсыз айналымды анықтау мен дәлелдеудегі жұмысын қиындатады. Осыған байланысты есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес кешенді тәсілді қажет етеді, мұнда сот сараптамасы органдары негізгі рөл атқарады.
Манара Бекжанова, Астана қаласы бойынша сот сараптамалары Институтының химиялық зерттеулер қызметінің бас сарапшы