Жыл басынан бері полиция мен еріктілер бірлесіп әрекет етудің арқасында есірткі қылмысымен байланысты онлайн ресурстардың жолын кесуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлушаш Досболова мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, есірткі саудасын насихаттайтын интернет-ресурстардың көбі тұрғындардың белсенді көмегімен анықталады. «Әрбір азамат, әсіресе күмәнді сайттар туралы хабарлайтын еріктілер қауымы осы бағытта бізге үлкен көмек көрсетіп келеді», – дейді маман.
Наркосайттарды анықтау бірнеше арна арқылы жүзеге асады. Атап айтқанда, интернет кеңістігіне мониторинг жасау, арнайы сенім телефондарына келіп түскен хабарламалар, сондай-ақ «E-Өтініш» электрондық платформасы мен жедел байланыс арналары арқылы бақылауда ұсталады.
– Азаматтардың хабарламасымен қатар, өзіміз де әлеуметтік желілерді тұрақты бақылауда ұстап, мәліметтерді түрлі дереккөзден жинастырып, кейін ортақ шешім қабылдаймыз, – деп түсіндірді Сұлушаш Досболова.
Анықталған заңсыз ресурстар бұдан кейін Ақпарат және байланыс министрлігі әзірлеген «Кибернадзор» жүйесіне жолданады. Алайда бұл сайттардың барлығы бірден бұғаттала бермейді. Кейбір жағдайларда қылмыстық тізбекті толық әшкерелеу үшін ресурс жұмысын біраз уақыт бақылауда ұстауға тура келеді екен.
Полиция өкілдері есірткі қылмысына қарсы күресте тұрғындардың хабарламалары үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Азаматтардан келіп түсетін ақпарат құқық қорғау органдарының дер кезінде шара қабылдауына мүмкіндік беруде.
Сондай-ақ полиция өкілдері тұрғындарды есірткіні жарнамалайтын сайттар мен Telegram-арналарды байқаса, дереу +7 700 113 0102 WhatsApp нөміріне немесе Narko Shekteu Almaty telegram-каналына хабарлауға шақырады.
Алматы полициясы қала жолдарындағы бақылауды күшейтіп, соңғы үш тәулікте бес мыңнан аса тәртіп бұзу дерегін анықтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







