Бүгін Оралда «Есірткісіз жастар – болашаққа жол бастар» атауымен жастар акциясы өтті. БҚО қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен, облыстық полиция департаментінің қолдауымен және «Жастар рухы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өткен акция 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналды,- деп хабарлайды Ertenmedia.
Нашақорлық – жаһандық деңгейдегі өзекті мәселе. Ол жеке адамға ғана емес, қоғам мен ұлт болашағына да қауіп төндіреді. Акцияның мақсаты – қоғам назарын есірткімен күрес тақырыбына аудару, жастарға оның зиянын түсіндіру және салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Акцияға БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы, БҚО прокурорының орынбасары Азамат Борамбайұлы, БҚО ПД басшысының орынбасары Абылайхан Серікұлы, сондай-ақ қала тұрғындары мен жастар қатысты. Мамандар есірткінің таралуына бейжай қарамай, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Шарада облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы «Есірткіге қарсы күрес» айлығы аясында полиция департаментімен бірлесе жұмыс атқарып, жастар арасында зиянды заттарға қарсы күрес жүргізуге үлес қосқан жандарды марапаттады.
«Есірткі – ұлт болашағына төнген үлкен қауіп. Оның алдын алу – бәрімізге ортақ міндет. Облыстық полиция департаменті осы бағытта жүйелі профилактикалық шаралар өткізіп келеді. Біз жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, қоғаммен бірлесіп әрекет етуге әркез дайынбыз. Әр отбасы, әр азамат еліміздің қауіпсіз болашағы үшін маңызды рөл атқарады», — деді акцияда сөз алған БҚО ПД басшысының орынбасары Абылайхан Серікұлы.
Жастар акциясында арнайы күштік құрылым және есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының кинолог мамандары қойылым ұсынды. Сонымен қатар шара концерттік бағдарламамен, кейін қызықты айдармен жалғасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар жастардың санасында дұрыс бағыт қалыптастырып, зиянды әдеттерден аулақ болуға септігін тигізеді.