Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин QOGAM арнасына берген сұхбатында Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы мен ерекшелігі турасында айтып, қоғамда жиі талқыланатын кейбір мәселелерге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Ерлан Қариннің сөзінше, Ұлттық құрылтай бір күндік отырыспен бітетін жұмыс емес, пленарлық отырыстан кейін де көтерілген мәселелерді жүзеге асыру бойынша жұмыстар қолға алынады.
«Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі сол – белгілі бір мерзім ішінде, қандай жағдай болмасын орындау керек деген түсінік жоқ. Әрдайым әріптестеріме де ескертіп отырамын. Нақты мерзім ішінде орындау – басты мақсат емес, ең маңыздысы – оны сапалы орындау. Егер қандай да бір мәселені тереңірек қарастыру қажет болса, оны жан-жақты зерттеу керек. Ал шешімді кейінге қалдырмай қабылдауға мүмкіндік болса, онда кідірмеу қажет.
Біздің басты ұстанымымыз — көптеген мәселе бойынша шешім қабылдап қана қоймай, оларды жүзеге асыру. Ұлттық құрылтайдың жұмысы тек пленарлық отырыспен шектелмейді. Отырыстан кейін оларды жүзеге асыру кезеңі басталады. Біз нақты нәтижеге ұмтыламыз. Мемлекеттік органдардың барлығы осындай ұстанымда, нақты нәтижеге жетуді көздейді деп ойлаймын», — деді ол.
Айта кетейік, 14 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты. Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Мемлекеттік кеңесші журналистің «ескі және Жаңа Қазақстан» туралы сауалына да жауап берді.
«Ресми лексикада мұндай терминдерді, әсіресе, «ескі Қазақстан» терминін қолданбаймыз. Жуырда тарихшылар конгресінде сөз сөйледім. Тарихшылар қауымдастығы алдында сөйлеп, зерттеулер туралы нақты көзқарасымды айту үшін бұл жиынға арнайы бардым. Сол кезде осы туралы айттым. Түрлі кезеңдерді бір-біріне қарсы қоймауымыз керек. Бізде мұндай мысал көп, подкасттарда, сұхбаттарда немесе кейбір пікірталастар кезінде кейбір әріптестеріміз қазіргі кезді кеңестік кезеңмен немесе басқа да алдыңғы кезеңмен салыстырып жатады. Бірақ бұл тұста менің ойымша, саналы адам әртүрлі кезеңнің өзіндік ерекшелігі бар екенін түсінеді. Түрлі кезеңді, кейбір тарихи тұлғалардың іс-әрекеттерін немесе тарихи кезеңдегі процестерді басқа тарихи кезеңмен салыстыру мүмкін емес, өйткені ол кездегі жағдай, ахуал — бәрі басқаша болды. Сондықтан әрқашан бұлай қарсы қоюға болмайтынын айтамыз», — деді Қарин.
Журналист Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннен «неліктен кейбір либералды журналистер, қоғам белсенділері оны жағымсыз тұлға деп санайтынын» сұрады.
«Мен мемлекеттің рөлі туралы үнемі айтып отырамын, белгілі бір процестердегі мемлекеттің шешуші рөлін атап өтемін. …Ал кейбіреулерімен, айталық, қоғамдық саладағы әріптестеріммен дауласып қаламыз. Олар да біледі, бұл дау бұрыннан келе жатыр. Менің ойымша, олар кейде тіпті мемлекеттің рөлін жоққа шығаратын сияқты. Сондықтан оларды либералды идеологияны емес, анархияны насихаттайды деп айыптаймын. Яғни олардың сөзіне сенсек, мемлекет мүлдем болмауы керек. Дегенмен саналы азаматтар мемлекет кез келген қоғамның дамуында шешуші рөл атқаратынын түсінеді деп ойлаймын.
Ал «қызыл сызық» туралы мәселе былтыр болды, ішкі саясат мәселелері туралы мақала жарияладым. …Төрт тақырып бар: ұлтаралық қатынастар, тіл мәселелері, дін мәселелері және сыртқы саясат мәселелері. Бұл тақырыптар бойынша шектен тыс эмоционалды және саяси пікірталастарға жол берілмейтінін айттым. Саналы азаматтар менімен келіседі деген ойдамын. Өйткені біз тек нәзік қоғамда өмір сүрмейміз, біз өте нәзік әлемде өмір сүреміз. Кейбір тақырыптар, мәселелер бойынша өте сақ болуымыз керек. Сондықтан ұстамдылыққа шақырдым. Ал қарсыластарым мұны бірден «ұстап алды», «Ерлан Карин цензураға шақырады, цензура туралы ашық айтты және т.б.» деді. Олар бірден шу шығаратынын және цензура туралы айтатынын біліп, әңгіме цензурада емес екенін сол мақалада да айттым», — деп түйіндеді ол.