Қазақстанда сиыр еті бағасының күрт қымбаттауына байланысты Ауылмин Айдарбек Сапаров түсініктеме берді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Министрдің айтуынша, ет бағасының шарықтауына сыртқы нарықтағы сұраныстың өсуі себеп болған. Қазір нарықтағы баға біртіндеп тұрақталып келеді.
«Бұл сұраққа бірнеше рет жауап бергенмін. Сыртқы нарықтарда сұраныс күрт артып, баға аз-мұз көтерілді. Қазір жағдай тұрақталды», – деді Сапаров.
Министр Қазақстан бойынша сиыр етінің орташа бағасы 3249 теңге екенін атап өтті. Ал нақты баға өнімнің сұрпына қарай әртүрлі деңгейде қалыптасып отыр.
«Кеше де, бүгін таңертең де қызметкерлерді дүкен мен базарға жіберіп, жағдайды бақылап отырмын. Қолымда нақты суреттер бар. Баға 3,5–3,6 мың теңге көлемінде. Ал премиум санатындағы өнімдердің, мысалы, сиыр етінің таңдаулы бөліктерінің бағасы төрт-бес мың теңгеге дейін барады. Дегенмен, орташа баға әзірше тұрақты және осы деңгейде сақталады деп ойлаймын», – деді министр.
Сонымен бірге Сапаров Үкімет ет бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін бірқатар шара қабылдап жатқанын айтты. Оның ішінде тірі малды экспорттауға шектеу қойылып, ет экспортына арнайы квота белгіленген.
Қазақстанда соңғы уақытта сиыр етінің бір келісі бес мың теңгеге дейін қымбаттаған болатын. Ресми органдар бағаның өсуін сыртқы нарықтағы сұраныстан көрсе, тәуелсіз сарапшылар мен Мал шаруашылығы одағы бұл мәселені ұзақ жылдар бойы қордаланған қателіктермен, мал басының азаюымен байланыстырады.
Қалай болғанда да, министрлік мәлімдемелері, сарапшылар пікірі және шаруалардың шынайы жағдайы арасындағы айырмашылықтың құнын қарапайым тұтынушы төлеп отыр.
Бұған дейін экс-Ауылмин, қазір Қазақстанның ет одағының басшысы Асылжан Мамытбеков бағаның шарықтауына қатысты өз сараптамасын ұсынған болатын. Экс-министрдің айтуынша, ет бағасын ұстап тұрамыз деген шенділердің «ойыны» шаруаны шығынға батырып, халықты қымбатшылық қақпанына түсірген.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Сиыр етіндегі саботаж: Мамытбеков мал экспортындағы мина туралы айтты

