«Еуразиялық қаржы компаниясы» (ЕҚК) акционерлерінің арасындағы тартыс сот арқылы шешілді деп хабарлайды Ertenmedia.
Алматының экономикалық соты Шухрат Ибрагимовтың талабын толық орындап, директорлар кеңесінің 2025 жылғы маусым және шілдедегі шешімін заңды деп таныды.
Компанияның ішкі жағдайын өзгерткен шешімдер бірнеше маңызды мәселені қамтиды.
Атап айтқанда, ЕҚК Еуразиялық банк пен «Еуразиялық Капиталдың» 2024 жылғы аудиттелген қаржылық есебін ресми түрде бекітуі тиіс.
Бұған қоса, банктің директорлар кеңесі қайта жасақталып, оның құрамына Шухрат Ибрагимов, Виталий Репей, Арман Нұрышев, Ерлан Мусин және Жанбота Бекенов енеді.
Атқарушы орган директоры лауазымынан Шодиевтің сенімді серігі саналатын Инесса Ким босатылып, осы қызметке Жанбота Бекенов тағайындалады.
Патох Шодиев мұны заңсыз деп тануды талап етіп, компаниядан моральдық шығын ретінде 1 млн теңге өтемақы төлеуді сұраған. Қызы Муниса Шодиева да өз кезегінде кеңес мүшелері Шухрат Ибрагимов пен Андрей Коповқа қарсы сотқа шағым түсірген.
Алайда сот әкелі-балалы Шодиевтердің арызын қанағаттандырған жоқ. Сот процесіне кеткен шығынды да Ибрагимовтың пайдасына өндіріп берді.
Акционерлер арасындағы шиеленіс ERG негізін қалаушылардың бірі Александр Машкевичтің өмірден өткенінен кейін басталған. Машкевич қайтыс болған соң ERG акцияларын қайта бөлісу және компанияға шетелдік инвестор тарту мәселесі күн тәртібіне шықты.
Осы тұста Шухрат Ибрагимов директорлар кеңесінің шешімін заңды деп қорғап, оларды өзгертуге бағытталған акционерлердің жалпы жиналысын өткізуге бірнеше мәрте тосқауыл қойды.
Патох Шодиев болса, керісінше компанияның жоғары басшылық құрамын жаңадан жасақтау туралы шешімнің күшін жойғызып, осы мәселені акционерлермен бетпе-бет кездесіп шешуді талап еткен.
Қазіргі уақытта «Еуразиялық қаржы компаниясының» акциясы үш тең бөлікке бөлінген. Компанияның 33,3 пайыз акциясы марқұм Әлижан Ибрагимовтың жұбайы Мукадасхан Ибрагимоваға тиесілі болса, тағы осындай үлес Патох Шодиев пен марқұм Александр Машкевичтің атында тұр.
Сот шешімі шыққан күннен бастап тараптардың бір ай ішінде Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.