АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазына қатысты НАТО көмегін қажет етпейтінін ашық көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дональд Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында жағдай реттелгеннен кейін НАТО тарапынан көмек туралы қоңырау түскенін айтып, альянсқа араласпауға кеңес берген. Сол жазбада Трамп НАТО-ны «қағаз жолбарыс» деп атады. Reuters дерегіне қарағанда, осы мәлімдеме дәл Париждегі халықаралық талқылау аяқталған сәтке сәйкес келді.
Еуропа елдері болса, керісінше, Ормуз бұғазы төңірегінде жеке қауіпсіздік тетігін әзірлеуге кірісті. 17 сәуірде Парижде Франция мен Ұлыбританияның бастамасымен өткен саммитке 51 мемлекет қатысты. Сол жиыннан кейін Эмманюэль Макрон мен Кир Стармер болашақ миссияның мақсаты коммерциялық кеме қатынасының қауіпсіздігін сақтау және қажет болса минадан тазарту болатынын мәлімдеді. Стармердің сөзінше, оннан аса ел мұндай бастамаға қатысуға дайын екенін білдірген.
Берлин де осы жоспарға сақтықпен қараса да, есікті толық жапқан жоқ. Германия канцлері Фридрих Мерц мұндай миссияға қосылу үшін сенімді құқықтық негіз қажет екенін, мәселен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары керек болуы мүмкін екенін айтты. Сонымен бірге ол АҚШ-тың қатысқаны құптарлық болар еді деген ұстаным білдірді.
Осы көрініс қазір Батыс лагерінің ішінде де бірыңғай ұстаным жоғын аңғартады. Бұған дейін Reuters НАТО одақтастары Трамптың Иран порттарын бұғаттау жоспарына қосылудан бас тартып, тек соғыс тоқтағаннан кейінгі кезеңде ғана араласуға болатынын айтқанын жазған еді. Енді сол сақтық ұстаным кейінгі Париж кездесуінде де байқалды. Айырмасы сол, Еуропа бұғаздағы әскери эскалацияға емес, кейінгі қорғаныс және навигациялық қауіпсіздік форматына көбірек ден қойып отыр.
Сөйтіп, Трамптың сөзі мен Еуропаның бағыты екі түрлі арнаға кетті. Вашингтон альянстың кеш қимылын әжуалап отыр. Париж бен Лондон көпжақты қорғаныс миссиясын пысықтап жатыр. Ал Ормуз бұғазы төңірегіндегі ахуалдың өзі әлі толық тұрақталған жоқ. Иран тарапы бұғаз коммерциялық кеме үшін ашық екенін айтқанымен, егер АҚШ қысымы жалғасса, жағдай қайта күрделенуі мүмкін екенін де ескертіп отыр.
Мәскеу экономикалық форумында сөз алған Ресей ғылым академиясының академигі Роберт Нигматулин елдің қазіргі жағдайына жұмсақ баға бермеді. Оның айтуынша, мәселе уақытша қиындықта емес, ұзақ жыл бойы қордаланған жүйелік дағдарыста жатқанын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

