Ресей экономикасы жайлы салтанатты есеп пен шынайы ахуалдың арасы тым алшақтап кеткендей, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәскеу экономикалық форумында сөз алған Ресей ғылым академиясының академигі Роберт Нигматулин елдің қазіргі жағдайына жұмсақ баға бермеді. Оның айтуынша, мәселе уақытша қиындықта емес, ұзақ жыл бойы қордаланған жүйелік дағдарыста жатыр.
Нигматулин сөзін айналдырмай сөйледі. Ол қазіргі басқару үлгісі елді ілгері емес, кері тартып бара жатқанын ашық айтты. Академик үшін басты өлшем ресми баяндама емес, қарапайым халықтың табысы мен өндірістің хәлі.
«Мен шын көңілмен айтамын: біз қиын жағдайда тұрмыз. Еуропадағы ең төмен табыс бізде. Тиын-тебен деңгейіндегі табыс. Бұған қанша уақыт сабырмен қарауға болады? Қытайдың ең кедей өңірлеріндегі табыс біздің ең кедей аймақтардан жоғары», — деді Роберт Нигматулин.
Оның пайымынша, Ресей тек Батыспен емес, Қытаймен бәсекеде де ұтылып жатыр. Оның үстіне сөз Қытайдың алдыңғы қатарлы орталықтары емес, ең әлсіз өңірлері жайында болып отыр. Академик дәл осы салыстыру арқылы мәселенің қаншалық тереңдеп кеткенін көрсетті.
Ең басты түйткіл
Нигматулиннің ең өткір ойының бірі өндіріс мәселесіне тірелді. Оның сөзінше, әлем төртінші өнеркәсіптік революцияға ұмтылып жатқанда, Ресей ғылыми және өндірістік тірегін жоғалтып барады.
«Машина жасау саласына қараңыздар. 1999 жылы онда 4 миллион адам жұмыс істеді, қазір 440 мың ғана қалды. Он есеге жуық қысқарған. Жеңіл өнеркәсіп үш есеге кеміді. Есесіне курьер 1,5 миллион, күзетші де шамамен сонша», — деді ол.
Академиктің айтуынша, мәселе жұмыс орындарының жай ауысуында емес, экономиканың сапалық құрылымының бұзылуында. Бір ел машина жасап, технология өндіріп, ғылымға арқа сүйеудің орнына, тамақ тасу мен күзет қызметіне иек артса, мұндай құрылым ұзаққа апармайды деген ойды ол жасырмады.
Ол ғылыми әлеуеттің әлсіреуін де жеке атап өтті. Нигматулиннің келтірген дерегіне қарағанда, Ресейде әр 10 мың адамға шаққанда 54 ғалымнан келеді. Ал дамыған елдерде мұндай көрсеткіш 174-ке жетеді. Оның ойынша, осындай алшақтықтың өзі-ақ елдің ертеңгі технологиялық жарыста қай тұстан көрінетінін аңғартады.
Академик саяси жауапкершілікке де тіке шүйлікті
Оның айтуынша, 2012 жылдан бері экономикаға қатысты президент Путиннің жарлықтарында көрсетілген негізгі индикаторлар орындалмай келеді. Бірақ соған бола ешкім жауапқа тартылмаған.
«2012 жылдан бергі экономикаға қатысты бірде-бір президент жарлығы орындалған жоқ. Бірақ неге екені белгісіз, ешкім жазаланбайды. Соңғы 10 жылдағы ЖІӨ өсімі жылына орташа 1,5 пайыз ғана. Ал тұтыну бағасы 77 пайызға өсті. Сонда бүкіл өсім құбырға кетіп жатыр», деді Нигматулин.
Осы жерде академиктің негізгі уәжі анық көрінеді. Ол үшін жалаң ЖІӨ өсімі ештеңе шешпейді. Егер инфляция қарапайым адамның қалтасындағы азын-аулақ табысты жұтып қойса, мұндай «өсімнің» саяси жарнамадан өзге салмағы шамалы деген тұжырым айтылады.
Нигматулин тығырықтан шығатын жолды да ұсынды. Оның пікірінше, мемлекеттің салық саясаты өндірісті тұншықтырмай, ірі жеке табысты көбірек қамтуға тиіс. Ол шағын және орта бизнесті тексеріс пен алым-салықпен қыса беруді тоқтатып, керісінше адамдарға өз бетінше жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беру қажет екенін айтты.
Сондай-ақ академик ауыр кезеңде бюджетке салмақ салатын даңғазалы мегажобалардан уақытша бас тарту керек деген ұстаным білдірді. Яғни ақша бедел қуған құрылысқа емес, экономиканың тірегін қалпына келтіретін салаға жұмсалуы тиіс деген ой айқын сезілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







