Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада атлеттердің қалтасын қампайтар керемет мүмкіндік болғалы тұр. Олимпиада жүлдегеріне берілетін сыйақы бойынша Қазақстан әлемдегі ең жомарт елдердің сапына кіріпті. Мемлекет алтынмен апталған медалді жүздеген мың долларға бағалап отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақ спортшыларына төленетін қаржылай марапат көлеміне Forbes та таңғалып жатыр екен. Басылым дерегінше, біздің ел алтын медаль иеленген атлетіне 250 мың доллар санап береді.
Бұл ма, бұл АҚШ чемпиондарына төленетін сыйақыдан шамамен 7 есе көп. Әмірикалық спортшыларға алтын үшін әрі кетсе 37 мың доллар беріледі.
«Қазақтардың қола жүлдегерге төлейтін сыйақысы да қомақты (75 мың доллар). Бір қызығы үшінші орын мен алтыншы орын алған спортшыға төленетін соманың айырмасы үлкен. Алтыншы орынға тұрақтаған атлет 5 мың долларды қанағат тұтады. Қазақстанның осы Олимпиададағы жалғыз үміті шорт-тректен сынға түсетін, елдің көк байрағын ұстап шыққан шыққан Денис Никиша», — дейді Forbes.

Сөй деген басылым біздің елді олимпиада чемпионына үйіп-төгіп сыйақы беретін 13 елдің қатарына қосыпты. Көш басында Сингапур мен Гаңконг тұр. Бұларда алтын медальдің бағасы, тиісінше 787 және 768 мың долларды құрайды. Польша билігі де біз секілді мәрт. Жеңімпаздар 355 мың доллар ақшалай сыйақыдан бөлек, пәтер, Toyota Corolla, бағалы әшекей, құнды картиналар мен демалысқа арналған жолдамаға ие болады.
Әмірика ше?
АҚШ-та медаль үшін сыйақы аса қомақты болмаса да, Олимпиадаға қатысқан әрбір спортшының зейнетақы қорына 100 мың доллар көлемінде ақша аударылады. Атлет қайтыс болған жағдайда әлгі қаражат оның отбасына төленеді.
Малайзия мен Хорватияда олимпиада чемпиондары өмір бойы мемлекеттік стипендия және зейнетақымен қамтамасыз етіледі. Италия жарыстың иесі ретінде сыйақы мөлшеріне шектеу қоймаған екен, жалпы төленетін сома 10 миллион доллардан асып кетуі мүмкін.
Ең қызығы қысқы спорттың державасы саналатын Норвегия билігі олимпиада медалі үшін арнайы сыйақы төлемейді екен.
Олар спортшының жеңістен кейінген беделі мен жаттығу үшін берілетін базалық қаржыландыруды жеткілікті деп санайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

