Әлемнің ең бай адамдарын саралаған Forbes журналының 2026 жылғы рейтингі жарияланды. Биыл тізімге Қазақстаннан алғаш рет екі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов пен Айдын Рахымбаев енді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Былтырғы рейтингте 990 миллион доллармен елдің сегізінші бай кәсіпкері атанған Нұрлан Смағұлов биыл әлемдік миллиардерлер қатарын толықтырды. Forbes оның байлығын 1,3 миллиард долларға бағалап, 2858-ші орынға орналастырды.
Қазақстандық екінші жаңа миллиардер Айдын Рахымбаевтың дәулеті 1,1 миллиард долларға жеткен. Forbes.com оны әлемдік рейтингте 3185-ші орынға шығарды.
Қазақстандағы ең бай адам атағын биыл да Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким ұстап тұр. Оның байлығы бір жылда 7,1 миллиард доллардан 7,8 миллиард долларға дейін өсті. Ким Forbes рейтингінде 477-орында тұр.
Владимир Кимнің дәулеті 200 миллион долларға көбейіп, 5,9 миллиард долларға жеткен. Ол әлемдік рейтингтің 712-ші сатысына жайғасты.
Құлыбаевтар?
Тимур мен Динара Құлыбаевтардың әрқайсысы 5,4 миллиард долларға бағаланып, 780-орынды иеленді. Олардың қасына биыл Болат Өтемұратов та қосылды. Оның дәулеті былтырғы 3,7 миллиард доллардан 5,4 миллиард долларға дейін күрт артқан.
40 жасқа дейінгі ең бай миллиардерлер тізіміне кірген Тимур Турловтың байлығы 5,8 миллиард доллардан 5,2 миллиард долларға азайып, ол Forbes тізімінде 823-ші орынға сырғыды.
Қазақстанға тікелей қатысы бар, алайда Forbes тізімінде Грузияның кәсіпкері ретінде көрсетілген Михаил Ломтадзе 694-ші орында. Оның дәулеті биыл 6 миллиард долларға жеткен.
Әлемдегі ең бай адам атағы биыл тағы да Илон Маскке бұйырды. Tesla мен SpaceX негізін қалаушы Маск бір жылда байлығын екі есеге көбейтіп, 839 миллиард долларға жеткізген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







