Алдағы жылға арналған республикалық бюджетті оңтайландыруға қатысты ҚР Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы әр тиынына есеп беретін кезең келгенін айтты. Ол форумдар мен шетелдік іс-сапарларға кететін шығын қысқаратынын атап өтті. Бүгінде халық қазынадан қомақты қаржы жұмсалатын имидждік шаралар елдің дамуына айтарлықтай пайда әкелмейтінін ұдайы айтып жүр. Осы тұста жауапты ведомство артық шығындарды ықшамдап, маңызы басым салаларға бағыттауға ниетті білдіргендей көрінді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Абзал Бейсенбекұлы мәліметіне сүйенсек, 2026 жылы мемлекет шамамен 68 миллиард теңгені үнемдеуді көздеп отыр. Оның дені имиджге, жиындар мен форумдарға кететін шығындарды оңтайландыру арқылы жүзеге аспақ.
Мұндай оңтайландыру арқылы әлеуметтік қолдау, өңірлердегі инфрақұрылым, білім беру мен денсаулық саласына көбірек қаржы бағытталса, бюджеттің тынысы кеңейетіні анық.
Форум мен жиын өткізудің де пайдасы бар, алайда жыл сайын бір тақырып аясында қайталана беретін шаралар қоғамда да, экономикада да тың серпін тудыра бермейтіні жасырын емес. Сол себепті алдағы жылы мемлекеттік бюджет есебінен бірде-бір форум өтпейтіні айтылды.
Мұндай шешім қабылдау үшін министрліктің жан-жақты талдау жүргізгені байқалады. Өйткені форум, конференция, шетелдік іс-сапарлар көбіне қызметтік есеп үшін ұйымдастырылып, нәтижесі елдің күнделікті өміріне ене алмай қалуда.
Енді қаржы ағымы нақты жобалар мен елге пайдасы бар бағыттарға бағытталатын болады. Қоғам да бұған бей-жай қарап отырған жоқ. Әр отбасында бала тәрбиесі, жұмыс, баспана қамы секілді мәселелер тұрғанда, артық шығындарды қысқартып, халыққа пайдалы бастамаларға жұмсаудың маңызы зор.

