Кеше Үкімет отырысында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинге Air Astana басшысы Питер Фостердің езу жиғаны ұнамай қалды. Депутат Фостерге «біз абориген емеспіз» деп ашық пікір білдірді. Қоғамда депутат Жаңбыршиннің әрекетін сынағандар да табылып жатыр, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Желіде депутатты кешегі сөзі үшін «популист» деп атағандар да табылған.
«Air Astana-ны, лоукостердің мәселесін дұрыстап, майшаммен қарау керек. Фостер мырза, сіз шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттің заңына бағынуыңыз керек. …Күлетін ештеңе емес. Сіз күлмеңіз. Осы жерде отырып алып, бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге ештеңені түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз. Ойнамаңыз! Бұл — Парламент, осы жерде отырғандары бәрі — халық сайлаған, халықтың өкілдері», — деп ашынды кеше Үкімет отырысында депутат.
Артынша ол әлеуметтік желіде өзін сынаған жұртқа пікір білдірді.
«Фостерге компаниясының кемшілігін айтамын деп енді арпылдаған, дарақы «мәдениетсіз депутат» болыппын. О, дүние-ай, қайтейін! Үндемей, түйеқұсқа ұқсап, құмға басымды тығып, «мәдениетті депутат» болғаннан көрі, осындай «мәдениетсіз депутат» болғаным артық!
Кейде ондайларға «қыртымай, менің орныма келіп отырып көріңдер» дегім келеді! Бірақ айтпаймын, одан сайын «мәдениетсіз» болып кетемін ғой!» — деп жазды ол.