Францияның Палестинаны мемлекет ретінде тануға бет бұрғаны – халықаралық күн тәртібіндегі символдық мәні зор шешім болды. Эммануэль Макронның «ең әуелі – Газадағы соғысты тоқтату және бейбіт тұрғындарды құтқару» деген ой-пайымын осыған дейін айтып келгенін білеміз. Ресми Париж ұзақ уақыт бойы «екі мемлекет» формуласына адал болғаны да әмбеге аян. Алдағы уақытта БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаны мемлекет ретінде тану мәселесін көтерсе, бұл бастаманы Франция Батыс Еуропадағы ең ықпалды мемлекет ретінде мойындауға дайын.
Макрон соғыстың алғашқы айларында Израильге саяси қолдау білдіріп, 7 қазандағы террорлық шабуылдан кейін антисемитизмге қарсы қатаң риторика ұстанғаны есімізде. Бірақ айлар өткен сайын Газадағы гуманитарлық апаттың ауқымы, халықаралық құқықтың іргелі қағидаларына қатысты сұрақтар мен одақтас елдер арасындағы көзқарас алшақтығыны анық.
Бұл ретте Францияның ішкі социумын да естен шығаруға болмайды. Батыс Еуропаның ең ірі елінде қазір еврей диаспорасы мен мұсылман қауымдастығы қатар өмір сүріп келеді. Таяу Шығыстағы қақтығыс Париж көшелерінде протестік энергияға айналып кетуі өте оңай. Сондықтан Елисей сарайы қоғамдық қауіпсіздік пен әлеуметтік үйлесімділіктің ара-жігін саясат арқылы ширатуға ұмтылғандай…
Төрткүл дүниенің үштен екісі, яғни БҰҰ-ға мүше 193 елдің кемінде 140-тан астамы Палестинаны жеке мемлекет ретінде тануға дайын екенін мәлімдеген-ді. Бірақ олардың қатарына Франция сияқты ядролық держава, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесінің болуы үлкен саяси оқиға. Енді Брюссельдің ішіндегі күдікшіл мемлекеттерге моральдық қысым артуы бек мүмкін.
Париждің шешімі Израильге қысымды күшейте ме? Саяси оқшаулау бір сәтте келмейтіні анық. Бірақ Еуропа елдері елшілерді кері шақырып алып, риторикалық нота жіберуден бөлек, нақты құралдар да бар. Олар – тауарларды таңбалау және нарыққа қолжетімділікті шектеу, әскери-қауіпсіздік кооперациясында экспорттық бақылауды қатайту, халықаралық сот институттарына саяси қолдау арқылы қысым жасауына болады.
Осы ретте Палестина ішіндегі саяси жағдайлардың өзгеруі маңызды. Айталық, Рамаллада отырған Махмуд Аббас соңғы уақыттары легитимдік дағдарысына тап болғаны жасырын емес. Палестинаны мемлекет ретінде тану жылдар бойы қордаланған мәселені бір күнде шешіп тастамайды. Мұндай кезде Газадағы билік вакуумын кім, қалай толтыратыны үлкен сұраққа айналатыны анық.
Бұл ретте Вашингтон мен Анкараның риторикасы да елеусіз қалмауы керек. Реджеп Тайып Ердоғанның Газадағы қырғынды «геноцид» деп атауы және үнсіз қалғандарды «қылмысқа қатысушылар» деп айыптағаны есімізде. Соңғы жылдары Түркия «гуманитарлық дипломатия» арқылы Ислам әлеміндегі моральдық лидерлікке ұмтылып келе жатқаны белгілі. Сондықтан бұл дауда Түркияның мүддесін есепке алудың маңызы зор.
Еуропа үшін бұл шешімнің экономикалық салдары да бар екенін естен шығармаған жөн. Қайта қарулану, энергия нарығындағы күйзелістер, әлеуметтік қысымның Таяу Шығыстағы жағдайға үкім айту өте қиын. Әлемдік қауымдастық Палестинаны жеке мемлекет ретінде танығаннан кейін нақты қадамдарға баруы тиіс. Осыған Франция бастаған елдер қаншалықты дайын?