Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов Bloomberg-ке берген сұхбатында компанияның алдағы жоспарымен бөлісті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Миллиардер бизнестің ауқымын айтарлықтай кеңейтіп, халықаралық деңгейдегі қаржы холдингіне айналуды көздеп отыр. Компания жақын уақытта доллар мен юаньда облигация шығаруға, маркетплейстерді сатып алу арқылы электронды коммерцияны дамытуға, телеком-инфрақұрылым мен дата-орталықтарды салуға және шетелдік нарыққа шығуға кіріспек.
5 млн клиенті бар экожүйе
Freedom Holding бүгінде кең ауқымды қаржылық экожүйені қалыптастырып үлгерген.
Оның ішінде Freedom Bank, сақтандыру сервистері, билет сату қызметі, онлайн-кинотеатр, азық-түлік жеткізу мен мобильді қаржы қосымшалары бар.
Экожүйенің негізгі өзегі ретінде SuperApp платформасы құрылған. Өткен жылы платформа қолданушыларының саны миллион адамнан асып, компания клиентінің жалпы саны 5 миллионнан асыпты.
Турлов не дейді?
300 миллиард долларға бағаланатын Қазақстанның қаржы нарығында Kaspi.kz пен Halyk Bank негізгі ойыншы саналады. Солай бола тұра, Freedom Bank клиенттерді өзіне тартып, белсенді түрде бәсекелесуде.
Турлов компанияның Қазақстандағы бизнесін де одан әрі кеңейтуге ниетті екенін атап өткен екен.
«Теориялық тұрғыда Қазақстанда саудаға шығарылған бірнеше банк бар. Біз олардың бірін баланстық бағадан төмен сатып алып, өз бизнесімізге кіріктіріп, корпоративтік клиенттер базасына қол жеткізуіміз мүмкін», – дейді ол.
Бірақ сатып алынатын банктің активтері Freedom Bank-пен шамалас, яғни шамамен 5 миллиард доллар (2,5 триллион теңге) деңгейінде болуы қажет.
«Жақында Қазақстанда жергілікті маркетплейсті сатып алатынымызды жариялайтын шығармыз», – деп мәлімдеді холдинг басшысы. Компания электронды коммерцияны дамытуды мақсат етіп отыр, алайда нақты қандай алаңға инвестиция құйылатыны әзірге құпия.
Бейжіңге тартылған жол
Холдинг қаржы саласынан бөлек, телеком-инфрақұрылым мен дата-орталықтарды дамытуға да инвестиция құюға бел буған. Жақында Nvidia Corp. компаниясымен құны 2 миллиард долларға бағаланған хаб құру туралы келісімге қол қойылған.
Freedom Holding бастапқы кезеңде дата-орталықтарды іске қосу үшін 100 миллион долларға дейін қаржы жұмсауға дайын. Орталықтар Amazon, Microsoft секілді ірі корпоративті клиенттер мен жеке пайдаланушыларға бұлтты есептеу қызметін ұсынбақ.
Осы мақсатта компания Еуропа мен Қытай арасындағы байланыс инфрақұрылымын дамытып, Қазақстанның Бейжіңмен экономикалық байланысын нығайтуды жоспарлауда. Сондай-ақ холдинг Гонконгта роуд-шоу өткізіп, юань валютасымен облигация (Dim Sum bonds) шығаруды да қарастырып жатыр.
«Юань қазір ең тартымды валюта, сондықтан осы мүмкіндікті пайдалануымыз мүмкін», – деп атап өтті кәсіпкер.
Жаһандық масштабта ойлайтын Турлов түнеукүні депозитке қатысты пайдалы кеңес берген. Қаржыгер теңгеге сенім артып, жинақты ұлттық валютада сақтауға шақырып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

